Шымкентте жол ортасында билеген блогер қыз жазаға тартылды

Шымкентте бағдаршамның қызы түсі жанып тұрған сәтте көше ортасына шығып билеген қыздың әрекетіне қатысты полиция өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Шымкентте жол ортасында билеген блогер қыз жазаға тартылды
Фото: видеодан скриншот

Полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу барысында ПД қызметкерлері өрескел құқық бұзушылық жасалған бейнежазбаны анықтаған.

«Блогер қыз қиылыста тоқтаған көліктен шығып, бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған сәтте билей бастаған. «Шоуды» қыздың өзі және көлікте қалған ер адам тікелей эфирде көрсеткен», - деп атап өтті полиция өкілдері.

40 секундқа созылған қойылымды бағдаршамның жасыл түсі мен қозғалыстағы көліктердің сигналы үзген.

Заң бұзушы олардан қашып, жолдың шетіне қарай жүгірген.

«Патрульдік полиция полкінің инспекторлары қыздың жеке басын анықтады. Ол Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Азаматша ҚР ӘҚБтК 615-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.