Маңғыстауда 16 жастағы жасөспірім суға батып кетті

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында 16 жастағы жасөспірім суға кетіп, қайтыс болды, деп хабарлайды  Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Маңғыстауда 16 жастағы жасөспірім суға батып кетті
Фото: inform. kz

Оқыс оқиға 1 маусымда сағат 16:50 шамасында орын алған.

«Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында арнайы жабдықталмаған теңіз аумағында шомылған 2007 жылғы жасөспірім суға батып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Сағат 19:05-те құтқарушылар келгенге дейін туыстары суға батқан жігіттің денесін алып шықты»,- деді Түпқараған ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жолдыбек Бисенбеков.

Ал Ақтауда тұрғындар теңізден 17 жастағы екі жасөспірімді құтқарып қалды. Олар да тыйым салынған аумақта суға түскен.

Оқыс оқиғадан кейін балалар облыстық ауруханаға жеткізілген.

«Балалардың бірі травматология бөліміне жеткізілді. Екіншісі тексеруден кейін үйге жіберілді. Жағдайы қалыпты», - деп мәлім етті Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.