Алматыда жаппай төбелес видеоға түсіп қалды

Алматыда ер адамдар арасында жаппай төбелес болды. Олардың кейбірі жігітінен таяқ жеген қызды жақтаса, енді бірі бір-бірін қатты соққыға жыққан, - деп хабарлайды Paryz.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда жаппай төбелес видеоға түсіп қалды
Фото: pixabay.com

Оқиға 28 сәуірге қараған түні Бостандық ауданында болған. Төбелес салдарынан Розыбакиев пен Ходжанов көшелерінің қиылысында үш жігіт ауыр жарақат алған. Әлеуметтік желіде төбелес болған жерден видео тарады.

Төбелестің жай-жапсарын әнші Say Mo өзінің Instagram парақшасында айтып берді.

"Бір ер адам сүйіктісін қатты ұрды. Ал менің құрбымның ұлы мен оның екі досы оны жақтағысы келіп, одан бұлай жасамауын өтініп, ұруын тоқтатуын сұраған. Бірақ бұл адам достарына телефон соғып көмекке шақырған, осыдан кейін жаппай төбелес басталды", - деді ол.

Tengrinews.kz тілшісі осы оқиғаға қатысты пікір алу үшін полицияға жүгінді. Кейін құқық қорғау органдары аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі бойынша соталды тергеу басталғанын хабарлады.

"28 сәуірде түнгі сағат 12:00-де Розыбакиев пен Есқараев көшелерінің қиылысында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына полицияның патрульдік бригадалары жіберіліп, құқықбұзушылықты тоқтатып, барлық қатысушыларды ұстап, Бостандық аудандық полиция бөліміне жеткізді. Төбелеске қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр", - деді Алматы полиция департаментінің өкілі.