Ресейдің екі азаматы Air Astana бортсерігін балағаттаған

Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Air Astana әуекомпаниясы өкілінің актісі бойынша екі жолаушы рейстен түсірілді. Екі ер адам Алматы – Астана бағытындағы әуе рейсіне отырғызу кезінде өздерін дөрекі ұстап, бортсеріктерді балағаттаған, - деп хабарлайды Paryz.kz, Massaget.kz-ке сілтеме жасап. 

Ресейдің екі азаматы Air Astana бортсерігін балағаттаған
Сурет: Polisia.kz

Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы мен 434-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық бойынша материал тиісті шешім қабылдау үшін Алматының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданады.

Жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 12 539 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді iшкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келгені үшін 1 429 адам, ұсақ бұзақылық үшін 179 адам жауапқа тартылған.