«Қауіпсіздік шарасын сақтамайды»: Алматыда құрылыс компаниясы жұмысшыларды кранмен тасыған

Алматыда құрылыс компаниясының әрекеті экологтардың наразылығын туғызды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Азаттық Рухына сілтеме жасап.

Көпқабатты тұрғын үй салып жатқан құрылыс компаниясы жұмысшыларының өміріне қауіп төндіріп келеді. Құрылыс нысандарының арасына жұмысшыларды қорапқа отырғызып, 35-40 метр биіктікте кран арқылы тасыған. Құрылыс материалдарын  жоғары биіктікке көтеретін ашық «қорапта» отырған адамдардың әрекеті елді шошытты.   

«Құрылыс компаниясы жұмысшыларын құрылыс заттары сияқты тасиды. Ешқандай қауіпсіздікті сақтамайды. Адамдардың өміріне қауіп төндірді. Аталған нысанды тексеріп, техникалық қауіпсізідікті қадағалауды және айыппұл салуды талап етемін», - деді  эколог  Тимур Елеусізов.

Құрылыс нормасын бұзу оқиғасы Әуезов ауданына қарасты Сайран көлінің маңында болған. Өтеген батыр мен Қабдолов көшелерінің маңында 15-17 қабатты үйлер салынып жатыр. «Эверест» тұрғын үй кешенін салумен «Sensata group» компаниясы айналысады.

Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының әкімдігі кейінірек мәлімет беретінін айтты.