Астанада күйеуін өлтірген мектеп директоры ауруханаға түсті

Астанада 34 жастағы әйел күйеуін өлтіріп тастады. Ол – елорда мектептерінің бірінің мұғалімі әрі директоры, деп жазады paryz.kz Халық үніне сілтеме жасап.

Астанада күйеуін өлтірген мектеп директоры ауруханаға түсті
Фото: mnews.kz

26 ақпанда «102» нөміріне тұрғын үйдің пәтерінен ер адамның мәйіті табылғаны, оның әйелінің пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен.

Бұл фактіге байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар жүргізіледі. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де мәліметі жария етілмейді, - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Директордың әріптестері әйелдің жақында бір айлық демалысқа өтініш бергенін, арада 6 күн өткенде қайғылы жағдай болғанын айтады. 10 жылдан астам тәжірибесі бар, кейін директор болған биология пәнінің мұғалімі жақсы, жауапкершілігі мол маман дейді әріптестері.

Айта кетсек, 26 ақпанда түс кезінде ерлі-зайыптының пәтерінде отбасылық жанжал шыққан. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күйеуі алдымен әйелінің мойнын пышақпен тіліп, кейін кеуде тұсынан жаралаған. Әйел де өзін қорғау үшін күйеуіне пышақ сұққан.

Қазір мектеп директоры көптеген жарақатпен хирургия бөлімінде жатыр. Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы пациенттің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.

26 ақпанда жедел жәрдем бригадасы пациентті №2 қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізді. Жағдайының ауырлығын ескере отырып, пациент шұғыл түрде емдеу үшін кеуде хирургиясы бөліміне жатқызылды. Сол күні оған операция жасалды. Қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық, - делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі науқастың мектеп директоры екенін растады.

«Иә, әйелдің мектеп директоры екенін растаймыз. Ол 20 ақпаннан бастап еңбек демалысында болған», - деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.