Шиеліде ірі қараны жеңіл көлікке салып алған ұрылар ұсталды

Тергеу барысында олардың 10-нан астам мал ұрлығына қатысы бары белгілі болды.

Шиеліде ірі қараны жеңіл көлікке салып алған ұрылар ұсталды
фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысында жеңіл автокөлікке сиырды салып алып, ұрламақ болғандар ұсталды. Оқиға Шиелі ауданы Байгеқұм ауылының тұсында болған, деп хабарлады paryz.kz, "Еуразия бірінші арнасына" сілтеме жасап.

Күдіктілердің екеуі Қызылорда қаласының, ал үшіншісі аудан тұрғыны екен. Қазіргі уақытта бәрі Жанақорған аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал тергеу барысында олардың 10-нан астам мал ұрлығына қатысы бары белгілі болды. Қаскөйлер осылайша бірнеше ауданның тұрғындарын зар қақсатып келіпті.

"Жүргізілген тергеу амалдарының арқасында бұл азаматтардың бұған дейін де бірнеше рет ірі қара малды осы Жаңақорған ауданының төнірегінен ұрлап жүргені анықталып, айғақ заттар бірнеше сойылған малдардың терісі және бірнеше ірі қара мал тірідей сатылған жерінен алынды. Қаіргі уақытта аталған азаматтар Жаңақорған аудандық ПБ уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды", - деді Жаңақорған аудандық ПБ басшысы Ғани Тұрсекеев.