Павлодар облысында 26 жылқы көлде мұз болып қатып қалған

Осыған байланысты құқық қорғаушылар малды қараусыз қалдырмау қажеттігін еске салды. Ондайда мал ұрлығы да болуы әбден мүмкін.

Павлодар облысында 26 жылқы көлде мұз болып қатып қалған
фото: дереккөз

Павлодар облысында даладан жоғалған 26 жылқы табылды. Барлығы суға түсіп, қатып қалған, деп хабарлады paryz.kz, облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, Аққұлы аудандық полиция бөлімшесіне шаруа қожалығының басшысы арызданып, Қазы ауылынан 10 шақырым жерде жүрген 26 жылқының жоғалғанын айтқан. Бас кезінде малды өзі іздеп көрген. Алайда таба алмаған. Содан полициядан көмек сұраған.

"Полицияның жеке құрамы бірден жылқыны іздеуге кірісті. Көрші аудандарға да хабар берілді. Құқық қорғаушылар бірнеше мобильді топқа бөлініп, жақын жердегі жайылымдарды тінтіп шықты. Шаруа қожалықтары мен фермаларды да аралады. Куәгерлерден жауап алынды. Шамамен 20 полицей 4 көлікпен далада жоғалған малды іздеді", - дейді аудандық полиция бөлімінің басшысы Тасқын Бодиев.

Оның айтуынша, 6 желтоқсанда Қазы ауылынан 15 шақырым жердегі Борлы көлінен 26 жылқының өлексесі табылған. Барлығы суға түсіп, қатып қалған.

Осыған байланысты құқық қорғаушылар малды қараусыз қалдырмау қажеттігін еске салды. Ондайда мал ұрлығы да болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, полицейлер малға ен салып отыруға кеңес берді. Ал үй жануарлары жоғалған жағдайда бірден "102" нөміріне хабарласу қажет.