Түркістан облысында жұмбақ аурудан ірі қара қырылып жатыр

Ауылдағы мал дәрігері "мал қарасаннан қырылды" десе, Кентаудағы ветеринарлар "басқа бір жұқпалы аурудан өлді" деп топшалап отыр.

Түркістан облысында жұмбақ аурудан ірі қара қырылып жатыр
Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысының Абай ауылында мал қырылып жатыр. Мамандар қарашадан бері арам өлген 22 сиырдың неден ауырғанын анықтай алмай әлек, деп хабарлады paryz.kz, Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

Ветеринарлар осы ауылдың тұрғыны Елеусіз Батырхановтың өлген 2 сиырын "қарасанмен ауырған" депті. Содан сиырларын бауыздамай, шұңқырға көмген.

"Ауыл бойынша болып тұр. Өз малыммен қоса, көршілердікін қосқанда оншақты мал өлді. Ал ауыл бойынша жиырмадан асып кетті", - дейді Абай ауылының тұрғыны Елеусіз Батырханов.

Жұрт мал дәрігерлері аурудың алдын алмай қойды деп ашуға булығып отыр. Тағы бір жайт, ауылдағы мал дәрігері "мал қарасаннан қырылды" десе, Кентаудағы ветеринарлар "басқа бір жұқпалы аурудан өлді" деп топшалап отыр.

"Переплазмаға келеді. Сосын целлероз деген ауру бар. Үкімет берген дәрі жарты малға да жетпейді", - дейді Бабайқорған ауылдық округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Нұрғали Шәкіров.

Мамандар індет нақты расталмаған соң жаппай тексерудің керегі жоқ деп шешіпті. Ал тұрғындар ауру өршіп кетсе, күніміз не болады деп алаңдаулы.