Алматы облысында құм аралас қант сатылып жатыр

Алматы облысының тұрғындары Ақсу қант зауытының өніміне шағымданып жатыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

 

Алматы облысында құм аралас қант сатылып жатыр

Ақсу ауданына қарасты Алтынарық ауылының тұрғындары зауыттан 2 тонна қант сатып алған. Қантты өзара бөліп алған олар қантқа құм араласқанын байқаған.

«2-3 қаптан алған адамдар бар. Бір айдай тұрды ма, 15 күндей тұрды ма, одан кейін барып қолдандық. Бетіне топырақ шығып тұр», – дейді Ақсу ауданының тұрғыны Раушан Сазанбаева.

Оның сөзін басқа да ауыл тұрғындары растаған. Қаптың сыртында ақ қант деп жазылғанымен, іс жүзінде оның түсі сарғыш болып шықты.


Бұл мәселе жайлы "Ақсу қант" зауыты басшылығынан пікір білдірді. Айтуларынша, бұл 3-ші сұрыпты қант екен. Өз бабына, яғни, кондициясына келтірілмеген өнім. Ол жалпы нарықта сатылмауы керек.

«Қант зауытының сезоны басталған кезде және аяқталған кезде кондициялық емес қант шығарылады. ТС-3 деп аталады. ТС-3-ті біз омарташыларға сатамыз. Бұндай жағдайдың болып тұрғаны алып-сатарлардың кесірінен деп ойлаймыз. ТС-3 қантын білмей алған халық, алған жеріне барып, чекпен таза қантқа ауыстыруға талап етуіне болады. Ал, енді, ірі көлемде алған алып-сатарлар зауытқа келіп, накладноймен мәселесін шешуге болады», – деді қант зауытының техникалық директоры Жандос Баймұхамбет.

Зауыт басшылары енді жаңа маусымда қаптардың сыртына ТС-3 деген белгі салмақ.