«Арманым – қазақ қызына үйлену»: неміс ұлтының өкілі Андрей Кригермен сұхбат

Андрей Кригердің ұлты – неміс, Қарағанды облысының тумасы. 18 жастағы студент жігіт оқудан кейін даяшы болып жұмыс істейді. Қазақ тілін еркін меңгерген ол болашақта қазақ қызына үйленуді армандайтынын айтты. Azattyq Ruhy тілшісі Андреймен кездесіп, болашағы мен армандары жайында сұхбаттасты.

Ол қазақ тілін 6 жастан бастап меңгерген. Алғаш қазақ мектебіне барған Андрейді ұстаздары мен сыныптастары бірден жақсы қабылдаған.

«Қазақ мектебіне бардым. Өзім ойлағандай аса қатты қиындық болған жоқ. Қазақ халқы өте бауырмал. Бір-бірімізбен тез тіл табысып кеттік. Осылайша, бүгінге дейін қазақ тілінде сөйлеп келемін. Қазір колледжде ағылшын тілін оқып жатырмын. Ағылшын тілін үйрену қазақ тіліне қарағанда қиындау болып жатыр. Дегенмен болашақта дұрыстап меңгеріп алатыныма сенімдімін», - дейді ол.

Андрей колледж бітіргеннен кейін әскерге баруға дайындалып жатқанын айтты. Студент жігіт өміріндегі басты арманымен бөлісті.

«Болашақта қазақ қызына үйленгім келеді. Қазақ қызы өзіме ерекше ұнайды. Үй шаруасына да икемді әрі сыпайы болады», - дейді Андрей Кригер.

Айтуынша араласатын достарының 90 пайызы – қазақтар. Қазақи ортаға әбден сіңген Андрейді өзі жұмыс істейтін дәмханаға келген қонақтар таңғала, сүйсіне қарайды.

Андрей туған әкесін танымақ түгілі, аты-жөнін де білмейді. Оның сөзінен әкесіне деген өкпесін бірден байқауға болады. Бозбала әкесі келсе танысып, сөйлескісі келмейтінін жеткізді.

«Өз әкемді мүлде көрмегенмін. Кім екенін, қайда екенін білмеймін. 5 жасыма дейін анам екеуміз жалғыз тұрдық. Кейін анам тұрмысқа шықты. Қазір өгей әкемнің тәрбиесіндемін. Ол кісі маған туған әкемдей болып кетті. Өз әкемді білгім келмейді. Маған қызық емес. Осы күнге дейін анам екеуміз қанша қиыншылық көргенімізде хабарласып, көмек көрсетпеген жанды кешіруге де келмейтін сияқты», - дейді Андрей Кригер.

Ерте есейген Андрей кішкентайынан еңбек етіп, анасына көмектесуден еш қашпағанын жеткізді. Адалынан тапқан табыстың берекесі көп дейді ол.

Көрермендердің өтініші бойынша және кейіпкердің рұқсатымен біз оның каспи нөмірін ақпаратымыздың соңына тіркеуді жөн көрдік.

Студент жігітке көмек бергісі келетіндер үшін:

Kaspi нөмірі: +7 705 588 1503 Андрей Кригер.