Нұр-Сұлтанда құрылыс аумағындағы асханада газ баллоны жарылды

Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.

Нұр-Сұлтанда құрылыс аумағындағы асханада газ баллоны жарылды
фото: Қазақпарат

Нұр-Сұлтандағы "Нұрлы жол" вокзалы маңында газ баллоны жарылды, деп хабарлады paryz.kz, ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1 қазанда сағат 22.14-те өрт сөндіру қызметтері Байтұрсынұлы 43/2 мекен жайы бойынша шақыртуға шыққанын хабарлады. Олар сағат 22.19-да оқиға орнына жеткенде жаңадан салынып жатқан үйдің территориясында асхана ретінде пайдаланылған, 150 шаршы метр болатын бөлек тұрған құрылыс контейнерін жалын шарпып жатқанын анықтаған. Маңында тұрған ағаш табандықтары жанып жатқаны белгілі болды.

"Алдын ала мәлімет бойынша, газ баллоны жарылған. Елордалық өрт сөндіру күштері 4 газ баллонын өрт аумағынан алып шықты", - делінген ведомство хабарламасында.

Тағы оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда дәмханада газ баллоны жарылып, бір адам қаза тапты

Өрт 22.36-да ауыздықталып, 22.50-де толық сөндірілген. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Өрт себебі анықталады. Оқиға орнына 4 техника мен жеке құрамның 23 қызметкері тартылған.