Теміртауда қарақшылықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Олар Жезқазған, Сәтбаев және Нұр-Сұлтанның 25, 29, 34 және 39 жастағы тұрғындары болып шықты. Полиция күдіктілерден түрлі маркалы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тәркіледі.

Теміртауда қарақшылықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
фото: дереккөз

Полиция қарақшылық пен кісі өліміне қатысы бар күдіктілерді тұтқындады, деп хабарлады paryz.kz, polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қарағанды ​​облысы, Теміртау қаласының тұрғыны полиция бөлімішесінің кезекші бөліміне арыз жазған. Айтуынша, Момышұлы көшесіндегі үйдің маңында оны белгісіз екі ер адам тапаншамен қорқытып, бопсалап, пәтеріне кірген. Содан жәбірленушінің әйелін жаралап, өзін пышақтап тастаған. Жарақаттың ауырлығынан әйелі оқиға орнында қайтыс болыпты.

Осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі ("Адам өлтіру") және 192-бабы, 3-бөлігі ("Қарақшылық") бойынша іс қозғалды. Кешенді жедел-тергеу шаралары кезінде полиция қызметкерлері төрт күдіктінің ізін кескен.

"26 және 28 қарашада арнайы операцияның нәтижесінде, Нұр-Сұлтан мен Жезқазғандағы криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстады. Олар Жезқазған, Сәтбаев және Нұр-Сұлтанның 25, 29, 34 және 39 жастағы тұрғындары болып шықты. Полиция күдіктілерден түрлі маркалы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тәркіледі. Қазіргі уақытта ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары басталды. Шабуыл жасаушылардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр", - деді Қарағанды ​​облысы ДП бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.