Нұр-Сұлтанда жаңа тұрғын үйдің төбесі опырылып, көлік тұрағын су басты (ВИДЕО)

Мердігер компания оқиғаға қатысты жауаптан қашқақтап отыр.

Елордадағы көп қабатты тұрғын үйдің кіреберісінің төбесі опырылып түсті. Бастысы, зардап шеккендер жоқ. Бірақ мердігер компания оқиғаға қатысты жауаптан қашқақтап отыр. Ал тұрғындар құрылыс кезінде кеткен қателіктің салдарымен күресуден шаршадық деп отыр, деп хабарлайды Paryz.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

- Үшінші подъезде осындай жағдай орын алып жатыр. Потолок жерге түсіп кеткен. Міне. Әлі үй бітпей жатып потолоктары түсіп жатыр. Мына кадрларды «Әулет» тұрғын үй кешенінің тұрғындары түсірген. Видеода подъездердің бірінде гипсокартоннан жасалған төбенің опырылып түскені анық көрінеді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.  Жарты жыл бұрын ғана баспана алған азаматтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Жаз басталғалы жаңа кешеннің кем-кетік тұстары біліне бастапты. Қар ерігенде көлік тұрағын су басқан. Жаңбыр жауғанда жағдай тағы қайталанды. 

Нұрдәулет Кенжебай, «Әулет» тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

- Осында көшіп келгенімізге 7 айдың жүзі болды. Бірақ НАК компаниясы бізге жоспардағыдай үйді тапсырған жоқ. Үйді қабылдап та алған жоқ. Өзімізге договорды міне деп бере салды. Әлі құрылыс жұмыстары аяқталған жоқ. Үйдің бағасына сапасы сай келмейді. «Комфорт+» деп бізге бұл үйді сатты.

300-ден астам пәтері бар үйдің тұрғындары балалары мен өздерінің қауіпсіздігі үшін алаңдайды.

"Мұндай жағдай үйдің басқа подъездерінде болмайтынына кім кепіл?" дейді олар. Мадина Қожахметова, «Әулет» тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

- Менің кішкентай балаларым бар. Мен қорқамын олар үшін. НАК басшылары осыны естісе деп отырмын. Өйткені оларға жазып жатырмыз, звондап жатырмыз, қаншама жалоба да жаздық. Оның бәрі тек қағаз түрінде жауап беріледі. Бірақ істелініп жатқан нәрселерді көріп жатқан жоқпын.

Құрылыс компаниясының өкілдері осы жағдайға қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Сонымен жаңа салынған ғимараттардың сапасына кім жауап беретінін айту қиын. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы заң бойынша құрылыс компаниялары өздері салған нысандарды өздері пайдалануға беретінін айтты.

Марат Тұңғышбаев, «Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының» ММ бас маманы: -

- Біз қадағалау органы ретінде тапсырыс берушіні бақылаймыз. Техникалық бақылау қабылдады. Ал тапсырыс беруші, яғни құрылыс компаниясы аталған ескертулерді осы жылдың 6 тамызына дейін жоюға міндеттеледі. Оларда кепілдік мерзімі бар. Тағы да қайталаймын, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесі (МСҚБ) нысандарды пайдалануға қабылдамайды, яғни құрылыс аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші құрылыс компаниясы бұл объектіні өзі қабылдайды.

Заң бойынша құрылыс компаниялары кепілдік мерзімі аяқталғанша кемшіліктерді жоя алады. Ал бақылау органдары жаңа объектілерді тек ресми шағымдардан кейін ғана тексере алатынын алға тартты. Өйткені бизнесті тексеруге мораторий енгізілген.