Ақтөбе зауытындағы 5 жұмысшының қазасына қатысты 3 адам айыпталды

Өндірісте қаза тапқан Орынбасар Бисембин мен Азамат Нагишевтің туыстары да айыпталушыларды бас бостандығынан айырмауды сұрады. Ал Евгений Корнев пен Владимир Ковальдың анасы азаматтық шағым жазып, әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық шығын өндіріп беруді өтінді.

Ақтөбе зауытындағы 5 жұмысшының қазасына қатысты 3 адам айыпталды
Фото: дереккөз

16 қараша күні Ақтөбе қаласының №2 соты хром қосындылары зауытында 5 жұмысшының қазасына байланысты қылмыстық істі қарай бастады. Оқыс оқиға өндіріс орнының №4 цехында биыл 28 мамырда болған, деп хабарлады Азаттық радиосы.

Тергеу органдары жұмысшылар өліміне №4 цехтың бастығы Рустам Балтағожин, цех шеберлері Өтесін Мұханов пен Тұрар Бисембинді кінәлі деп санайды.

"Абайсызда 2 және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қауіпсіздік техникасын бұзған" 3 адам өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Олар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Мемлекеттік айыптаушы Айнұр Нұрадинованың айтуынша, 2020 жылы 28 мамыр күні өндірісте қолданылатын бак ішіндегі химиялық қалдықты тазалап жатқан Владимир Коваль технологиялық ерітіндінің буына күйіп қалған. Диаметрі 4,5 метр, биіктігі 3 метрден астам бактың ішіне Ковальды құтқармақ болып, бірінен соң бірі зауыт жұмысшылары Мирас Сағиев, Евгений Корнев, Орынбасар Бисембин, Азамат Нагишев пен Мұхтар Таухабаев түскен. Термиялық күйіктен төрт жұмысшы сол жерде қайтыс болып, Азамат Нагишев бір аптадан соң ауруханада жан тапсырған.

Қайтыс боп кеткен жұмысшылардың бесеуі де - 40-қа толмаған жігіттер.

Оқыс оқиға куәгері Мұхтар Таухабаев 16 қараша күнгі сот отырысына ауруханада жатқан жерінен онлайн қатысты. Таухабаев сотта айыпталушыларға еш кінә тақпайтынын, бәрін кешіргенін жеткізді.

Өндірісте жарақат алған соң бір ай бойы ауруханада жатып шыққан Мұхтар Таухабаев жұмысына әлі бармағанын, әлі емделіп жүргенін айтты. Жұмысшының сөзіне қарағанда, зауыт басшылары осы аралықта оның отбасына 5 млн теңгеден астам материалдық көмек көрсеткен.

Өндірісте қаза болған Орынбасар Бисембин мен Азамат Нагишевтің туыстары да айыпталушыларды бас бостандығынан айырмауды сұрады. Ал Евгений Корнев пен Владимир Ковальдың анасы азаматтық шағым жазып, әрқайсына 10 миллион теңгеден моральдық шығын өндіріп беруді өтінді.

Ақтөбе хром қосындылары зауытының заңгері Руслан Ким өндірісте қаза болған Евгений Корневтің отбасына 6 млн 220 мың теңге, Владимир Ковальдің отбасына 5 млн 240 мың теңге көмек көрсетілгенін айтты.

Хром қосындыларын (натрий монохроматы, натрий бихроматы, хром ангидриді, хром тотығы, хром малмасы және күкіртті натрий) өндіретін зауыт Ақтөбе қаласы аумағында орналасқан. Ірі кәсіпорын өнімі әлемнің отыздан астам еліне шығарылады.

Сот процесі жалғасып жатыр.