Елордада жас жігіт бір күнде екі рет суицид жасамақшы болған (ВИДЕО)

Келген полицейлер біраз уақыттан кейін көпір қоршауынан өтіп тұрған жігітті көреді. Олар жүгіріп барып, жігітті ұстап үлгереді де, қауіпсіз жерге жеткізеді...

Нұр-Сұлтанда полицейлер мен жолаушы бір күнде екі рет суицид жасамақ болған жігітті құтқарып қалды, деп хабарлады Polisia.kz.

Сағат 14.20-да ПД Жедел басқару орталығына Алаш тас жолы бойындағы көпірде бір жігіт өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Куәгердің айтуынша, ол көпірден секірмек болған, бірақ, оны сол кезде жанынан өтіп бара жатқан жолаушы құтқарған. Оқиға болған жерге патрульдік полиция экипажы жіберілді.

Келген полицейлер біраз уақыттан кейін көпір қоршауынан өтіп тұрған жігітті көреді. Олар жүгіріп барып, жігітті ұстап үлгереді де, қауіпсіз жерге жеткізеді. Осылайша, полицейлер жедел әрі үйлесімді әрекет етіп, адам өмірін сақтап қалды.

Суицид жасамақ болған елорданың 21 жастағы тұрғыны Байқоңыр аудандық Полиция басқармасына жеткізілді. Жігіттің эмоционалдық жағдайын тұрақтандыру үшін онымен психолог әңгімелесті. Күйзеліс кезінде кәсіби психологиялық көмек көрсетілді.