Қарағанды базарынан 14 контейнерді өртеп жібергендер қолға түсті

Тілсіз жау жалмаған контейнердегі өртенген азық-түлік тауарларының құны әлі саналып жатыр.

Қарағанды базарынан 14 контейнерді өртеп жібергендер қолға түсті
фото: tengrinews.kz

Қарағандыда базарды өртегендер ұсталды. 14 контейнерді күлге айналдырған күдіктілер отты басқа қылмысын жасыру үшін қойған екен, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Тілсіз жау жалмаған контейнердегі өртенген азық-түлік тауарларының құны әлі саналып жатыр. Ал полиция бақылау камералары арқылы отты 2 адамның жаққанын көрген. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде, Ақмола облысының 28 жастағы тумасы Қарағанды облысындағы Ботақара ауылында ұсталған. Оның 51 жастағы сыбайласы – Шахтинск тұрғыны Қарағандыда жасырыныпты.

Олар алдымен бір контейнерді тонап, қылмыс ізін жасыру үшін от қойып кеткен. Алайда, қызыл жалын маңайындағы басқа сауда дүңгіршектерін де жалмап кетті. Енді күдіктілер аса ірі көлемде шығын келтіргені үшін 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

"Тергеу барысында өрттің қасақана қойылғаны анықталды. Күдікті ретінде екі азамат ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Қарағанды облыстық ПД бастығының орынбасары Ерлан Ақылбеков.