Қызылорда облысында егістікке қойған өрт 700 бас қойды жалмады

Күйік шалған төлдердің есебінен қырылған мал саны артуы да мүмкін. Ал оны кім өтейтіні әзір белгісіз.

Қызылорда облысында егістікке қойған өрт 700 бас қойды жалмады
фото: видеодан скриншот

Қызылорда облысында 700 бас асыл тұқымды қой далада жанып кетті. Тағы бірнеше қозы күйіп қалған. Жаңақорған ауданындағы жағдайды жіті тексеруге арнайы комиссия құрылды, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сүйенсек, "Түгіскен" шаруа қожалығы күріштік алқабын өртеген. Жалын сол жерде жайылып жүрген "Ынтымақ" ЖШС-нің малдарын шарпыған. Ал шопан Сәбит Әуелбеков оттың лезде жайылғанынан қорқып, өзі бас сауғалап қашқанын айтып отыр.

Серіктестік асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысады. 25 жыл бойы жиғаным күлге айналды деген құрылтайшы шығынға шаш етектен батқанын жеткізді.

"Аналық бас кемі 60 мың теңге ғой. Асыл тұқымды қой. Оның ішінді 500 бас тоқты да бартұғын. Бәрі семіз, күйекке түсуге дайын тұрған. 90 мыңнан қошқар әкеліп қосқанбыз, олар да түгел жанып кетті", - дейді "Ынтымақ" ЖШС құрылтайшысы Мейіржан Құтыбаев.

Жиын-терімнен кейін жерді тазалау мақсатында от қойған күріш алқабының қожайындары отар қойдың жайылып жүргенін де көрген. Бірақ, соңы бұлай болады деп ойламапты. "Түгіскен" шаруа қожалығы төрағасының айтуынша, сол сәтте жел де күшейіп кете қойған. Әйтпесе, дәл мал жатқан атызға ешкім әдейіліп от қоймағаны анық.

Сонымен, шығын көлемін арнайы құрылған комиссия есептеп жатыр. Күйік шалған төлдердің есебінен қырылған мал саны артуы да мүмкін. Ал оны кім өтейтіні әзір белгісіз.

"Егер сот шешімі өтелуге тиіс деп қабылдайтын болса, онда бюджеттің арасынан өтеледі. Бұл алдын ала ескертілді. Сол жерде мал жаюға болмайды деген. Өрт қойылады деген хабар да бар. Егер де ескертпей, оның малын алып кетуге мүмкіндік бермей, өртеп жіберген болса, екінші жақ кінәлі. Бұның бәрін аудандық ішкі істер бөлімі шешеді", - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев.

Қазір егіс алқабын мал өлекселерінен тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ал олардың арнайы орынға емес, сол маңға көмілуі көпшіліктің көңілін күпті етті.