ШҚО-да күдікті полиция бөлімінде қайтыс болды

Азаптау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

ШҚО-да күдікті полиция бөлімінде қайтыс болды
Фото: gordonua.com

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылындағы полиция бөлімінде күдікті қайтыс болды. Оған қатысты азаптау дерегі бойынша іс қозғалды, деп хабарлады paryz.kz.

ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер ведомство басшысы Самат Мәдиев Мақаншыға келгенін айтты. 

"Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша жағдайдың мән-жайын анықтау үшін арнайы келді. Мақаншы ауылындағы полиция бөлімінде 33 жастағы ер адамның қайтыс болғаны расталды, ол мал ұрлады деген күдікке ілінген", - деді ШҚО ПД баспасөз қызметінің өкілдері. 

Өңірде Сағат Мәдиев бастаған арнайы топ құрылды. Жеке қауіпсіздік басқармасы азаптау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, процессуалдық прокурорлар тобы тағайындалды.

"Барлық мән-жай мұқият тексеріледі. Қажет сараптамалар, соның ішінде патологиялық сараптама жүргізілді. Нәтижесі әзірге дайын емес. Мен Үржар ауданының әкімімен бірге марқұмның туыстарына барып, оның достары мен жақындарының дәлелдемелерін тыңдап қайттым. Олардың мәселесі қарастырылып жатыр. Марқұмның туыстары мен достарына тағы да қайғыра көңіл айтамын. Кінәлілер сөзсіз заңды түрде жазасын алады. Менің ұстанымым - объектив және әділ тергеу", - деді ШҚО ПД басшысы. 

Одан бөлек, әлеуметтік желіде оқиғаға байланысты болуы мүмкін видео жарияланды.