Нұр-Сұлтанда ер адам тапа-тал түсте әйелді тонамақ болды (ВИДЕО)

Қаскүнем мұнымен тоқтамаған.

Нұр-Сұлтанда ер адам тапа-тал түсте әйелді тонамақ болды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Нұр-Сұлтанда полиция тапа-тал түсте 44 жастағы әйел мен 13 жастағы қызды тонамақ болған ер адамды ұстады деп хабарлайды Paryz.kz.

Ол Қошқарбаев көшесінде жұрттың көзінше қала тұрғындарына қарақшылық шабуыл жасаған. Бірінші жағдайда ол әйелдің сөмкесін тартып алмақ болған, бірақ оған сол маңнан өтіп бара жатқан адам тойтарыс берген. Тонаушы қашып кеткен. Куәгерлер бірден 102-ге қоңырау соқты, - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.  

Қаскүнем мұнымен тоқтамаған. Ол 13 жастағы қыздың мектеп жолдорбасын тартып алып, екінші рет қылмыс жасады. Оқиға орнына патрульдік полиция жасағы жіберілді.

Жедел іс-шаралар барысында патрульдік полиция қызметкерлері 36 жастағы күдіктіні қылмыс орнына жақын жерде ұстады, - деп хабарлады Полиция департаменті.

Заттай айғақтар алынып, иесіне қайтарылды.

Бұл факті негізінде Қылмыстық кодекстің 191-бабы "Тонау" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған 2000 АЕК -ке дейін (5,8 миллион теңге немесе 13,7 мың доллар) ірі көлемде айыппұл салынады немесе төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу, айыру жазасына кесілуі мүмкін.