Алматы облысында ер адам ауылдасын балталап өлтірген

Әуелі мәйітті жертөлеге жасырған. 

Алматы облысында ер адам ауылдасын балталап өлтірген
фото: дереккөз

Алматы облысында спирттік ішімдікке сылқия тойып алған ер адам ауылдасын балтамен ұрып өлтірген деп хабарлайды Paryz.kz

Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 3 қазан күні 11.20 шамасында Қаратал аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне азаптап өлтірілген ер адамның денесі табылғаны хабарланған. Бұл факті полицияда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлімі бойынша тіркелді.

Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы ақпаратты растады. Марқұм Бастөбе ауылының 40 жастағы тұрғыны болып шықты. 

Кейіннен полицейлер күдіктіні де ұстады. Ол - марқұмның 41 жастағы ауылдасы. Тергеу кезінде дәлелдерді көрген соң ол өз кінәсін мойындады.

Күдіктінің айтуынша, кешкі сағат 20.00 шамасында мас кезінде екеуара жанжал шығып, содан кейін ол зауыттан шыққан шағын балтамен танысын ұрып өлтірген. Әуелі мәйітті жертөлеге жасырған. Бірақ түнгі үште велосипедке артып, иесіз ескі ғимаратқа апарып тастаған. 

Күдікті Уақытша изоляторға қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, бұдан басқа ақпарат құпия саналады.