Қарағанды облысында фермер көршісінің жылқыларын атып тастаған

Полиция жылқылар неге қараусыз жайылғанын анықтап жатыр.

Қарағанды облысында фермер көршісінің жылқыларын атып тастаған
фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысы Қаражар ауылдық округінде фермер көршісінің жылқыларын атып тастады. Оған малдың арпа өсетін алқапта жайылып жүргені себеп болған деп хабарлайды Paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Полицияның ақпаратынша, 71 жастағы күдікті өз алқабынан бір үйір жылқыны көреді. Астығын құтқару үшін, алдымен аспанға оқ атқан, алайда кездейсоқ жылқыларды атып тастады.

Шаруа екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Полиция қызметкерлері тіркелген аңшы мылтығын тәркіледі. Тергеу жүріп жатыр, - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Полиция жылқылар неге қараусыз жайылғанын анықтап жатыр. Белгілі болғандай, өлген малдың иесі – дәл сол ауылдың 62 жастағы тұрғыны. Оның шығыны үш миллион теңгеден асты.

Алайда жылқыларды атып тастаған ер адам да бүлінген астық үшін көршісінен ақша өндіріп алмақ. Қаражар ауылдық округінің әкімі Сымбат Кенжекеева фермер мал иесіне бірнеше рет ескерткенін мәлімдеді.