Теміртауда әйелді автобустан күшпен шығарып, тепкілеп тастаған (ВИДЕО)

Теміртауда әйелді автобустан күшпен шығарып, тепкілеп тастаған (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Теміртауда ішімдік ішіп, масайып қалған әйелді автобустан итеріп шығарып, артынан соққыға жыққан деп хабарлайды Paryz.kzPatriotnews.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиғаның видеосы "Патриот" Telegram-арнасында жарияланды. 

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, әйел өзге жолаушылардың намысына тиіп, балағаттаған. Автобус жүргізушісі мен кондуктор әйелді салоннан шығармақ болғанда оларға жолаушы ер азаматтар қосылған. 

Олар әйелді күшпен шығарып жіберген. Ол жерге құлаған. Сол сәтте оның жанына ер адам жетіп келіп, оны тепкіге алған. Оқиға көшеде, автобустың жанында болған. 

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша ҚР қылмыстық кодекстің 293-бабы ("бұзақылық") бойынша іс қозғалғанын хабарлады. 

"Қарағанды-Теміртау" бағытымен жүрген автобус, оның 41 жастағы жүргізушісі мен 25 жастағы кондуктор анықталды. Кондуктордың айтуынша, ішімдікке сылқия тойып алған әйел 28 қыркүйек күні сағат 16.30 шамасында "ДК горняков" аялдамасынан қоғамдық көлікке отырған. 

Ол бейәдеп қылықтар көрсетіп, жолақысын төлеуден бас тартқан. Теміртауға жеткен соң, "Кооператор" аялдамасында кондуктор мен жолаушылар әйелді салоннан шығарған. Артынша белгісіз азамат соққыға жыққан, – деп түсіндірді полициядағылар. 

Қазіргі уақытта полицейлер зардап шегуші мен құқық бұзушының тұлғасын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде.