Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Депутат Шымкенттегі әуежайдың сатылуы әділ өтетініне күмән келтірді

"Біреу үшін бұл тендерді шұғыл әрі тыныш өткізу тиімді ме деп қаласың", - дейді ол.

Депутат Шымкенттегі әуежайдың сатылуы әділ өтетініне  күмән келтірді
фото: Almaty.tv

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов Шымкенттегі әуежайдың тендерге түсу заңдылығын тексеруді талап етті, деп хабарлады paryz.kz.

"Жаңа экономикалық бағыттың базалық қағидаттарының бірі – Мемлекет басшысы атап өткендей әділ бәсекелестік. Президент айтқандай, "кәсіпкерлер әдетте нарыққа кіре алмайды, егер енсе, олар жеке монополистерге бағынуға мәжбүр". Көбінесе бәсекелестікке қарсы тарап ретінде стратегиялық нысандарды жеке қолға беретін мемлекеттік органдардың өзі көрініп қалып жатады. Әуежайлардағы қызмет көрсету нарығы да бұл мәселені айналып өткен жоқ", - деді Аманжан Жамалов ,Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы "Шымкент әуежайы" АҚ-ын сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру үшін тендер жариялаған. Сенімгерлік басқару мерзімі - 10 жыл. Ал тендерге өтінімдер тек 3 аптаның ішінде - 2020 жылдың 18 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында қабылданады.

"Мұндай қауырт мерзім көптеген стратегиялық инвесторларды бәсекеден ысырып тұр. Мәселен, Air Astana әуе компаниясы қысқа мерзімге қанағаттанбайтынын жариялады. Біреу үшін бұл тендерді шұғыл әрі тыныш өткізу тиімді ме деп қаласың. Таң қалатын тағы бір жәйт, конкурсқа тіпті жеке адамдар мен жеке кәсіпкерлер де қатыса алады екен. Бір адам тұтас әуежайды қалай басқара алады? Бұл қала әуежайының болашағына күмән келтіреді. Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, мұндай нысан үшін бастапқы баға ретінде белгіленген 5,2 млрд теңге - төмендетілген құн", - дейді ол.

Осы мәселелерді айта келе, депутат тендерге өтінімді қабылдау мерзімін ұзартуды, әлеуетті қатысушыларға қойылатын талаптардың қайта қаралуын, нысанның бағасын қайта бағалауды талап етті.