Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Апелляция Байбектің ісі бойынша сот шешімін өзгертусіз қалдырды

Алматы қалалық сотында Бауыржан Байбектің белсенді Жанболат Мамай мен әйелі Инга Иманбаеваға қарсы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды. Іс жауапкерлердің апелляциялық шағымы бойынша түсті. Бұл туралы Алматы қалалық сотының Facebook парақшасында хабарланды.

Апелляция Байбектің ісі бойынша сот шешімін өзгертусіз қалдырды
Фото: informburo.kz

Естеріңізге салсақ, 2021 жылдың сәуірінде YouTube-тағы  «Демократиялық Қазақстан/Демократический Казахстан» арнасында, сондай-ақ Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында Мамай мен Иманбаева Байбектің Алматы қаласының әкімі болған кездегі қызметіне қатысты 4 бейнематериал жариялады.

Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық соты биылғы жылдың 15 маусымындағы шешімімен жауапкерлердің Бауыржан Байбек туралы таратқан ақпараты шындыққа жанаспайтынын және оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретінін мойындады. Мамай мен Иманбаева жарияланған материалдарды теріске шығарып, өшіруге міндеттелген еді.

«Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысына сәйкес,  бірінші сатыдағы соттың шешімі заңдылығын әрі негізділігін ескере отырып, өзгертусіз қалдырылды. Апелляциялық шағым қанағаттандырылмады», - делінген Алматы қалалық соты таратқан ақпаратта.

Алматы сотының апелляциялық сот алқасы жауапкерлер Мамай мен Иманбаева өз материалдарында, оның ішінде әлеуметтік желіден алынған ақпараттың шындыққа сәйкес екенін растай алмағанын атап өтті.

Осылайша, бұдан бұрын Байбекке қатысты жарияланған жарияланған ақпарат дәлелсіз әрі негізсіз болып шықты.