Прямая трансляция

Астана

Астана

12°C

Nur Otan 3000 қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жалғыз саяси күш – сарапшы

Nur Otan партиясы өзінің қаржылық көрсеткіштері туралы құжатты жария етті. БАҚ бетінде тараған құжатқа қатысты пікірімен саясаттанушы, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының аға оқытушысы Елдос Жұмағұлов бөлісті.

Nur Otan 3000 қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жалғыз саяси күш – сарапшы
фото: vlast.kz

«Осыдан 22 жыл бұрын құрылған партия бүгінгі күні ең белсенді және әлеуеті зор саяси күш қана емес, тамыры бүкіл елге жайылған алпауыт құрылымға, керек десеңіз үлкен корпорация айналған деуге толық негіз бар. Себебі оның құрамына 248 филиал, 4 539 бастауыш ұйымы, 800 мыңға жуық партия мүшесі кіреді. Филиалдар өз меншігіндегі ғимараттарда орналасқан. Одан қалса партия жанында зерттеу институты, саяси менеджмент мектебі, шаруашылық басқармасы бар. Ұзын саны 3000 қызметкерге жұмыс беріп отырған партия мен оның құрылымдары мемлекет қазынасына жыл сайын 1,5 млрд теңге салық төлейді екен», - деп жазады саясаттанушы өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Сонымен қатар сарапшы партияның былтыр «перезагрузка» жариялап, еліміз осыған дейін естімеген праймеризді өткізгенін, биылғы Мәжіліс пен мәслихаттар, одан қалса күні кешегі ауыл әкімдерін сайлауда айқын жеңіске жеткенін атап өтеді.  

Партия жанынан республикалық қоғамдық қабылдау белсенді қызмет етіп жатқаны белгілі. Ақпаратқа сүйенсек, қабылдауларға 2020 жылы 390 мың адам жүгінген.

«Оның ішінде партия 47%-ін оң шешіп, 53%-не түсіндірме жүргізіп, жол көрсеткен екен. Ал биыл жыл басынан бері жүгінген 92 мың адамның өтінішін қарастырыпты. Бұл өтініштердің 41%-ін оң шешіпті. Бұл жай есептік сандар көрінгенімен, әр өтініштің артында азаматтардың мұң-мұқтажы, партияға деген сенімі тұр», - дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ Жұмағұлов жастарды жұмыспен қамту, алғашқы жұмыс орнын беру, тәжірибеден өту бойынша «Сәтті қадам», «Жастар кадр резерві», «Жасыл ел» жобалары сәтті жүзеге асып жатқанын да тілге тиек етіпті.

Естеріңізге салсақ, Nur Otan 2014 жылдан бастап партияның қаржы есебін жариялап келе жатқан жалғыз саяси партия.