Майғазиев Демпартия белсендісінен жалған ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрауды талап етті

Аружан Дүйсебаева Youtube арнасында видео жариялап, Шымкенттегі мәдениет үйінің басшысы Сәкен Майғазиевті «жемқор» деп айыптаған.

Майғазиев Демпартия белсендісінен жалған ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрауды талап етті

 

Бүгін әнші Сәкен Майғазиевтің талап-арызы бойынша азаматтық белсенді Аружан Дүйсебаеваға қатысты сот процесі басталды. Алғашқы отырыста әнші жауапкер тарапқа татуласуды ұсынған.

Белгілі болғандай, сотқа Майғазиевтің өзі қатысқан. Сот қос тарапқа өз құқықтарын түсіндіріп, «татуласуға мүмкіндік бар ма?» деп сұраған. Осы орайда, әнші қазақи кешірімділік пен қарапайымдылық танытып, белсендіге шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратқаны үшін кешірім сұрап, жариялаған видеоларын өшіруді ұсынған. Қоғам белсендісі әншінің бұл ұсынысынан бас тартып, соттасатынын айтқан.

Жалпы, танымал тұлғалардың жала жауып, ар-намысына тиген азаматтарды сотқа беру арқылы құқығын қорғау кең таралған тәжірибе. Дүйсебаева өзін көпшілікке тіркелмеген Демпартияның белсендісі ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Аталған ұйым батыстың заңдары мен ұстанымдарын негізге алатынын, өздерінің үндеулерінде үнемі сол батыс мемлекеттеріне сілтеме жасайтынын ескерсек, оның белсенділері әншінің сотқа жүгінгеніне неге таңғалады екен деген сұрақ туады.

Еске сала кетейік, Аружан Дүйсебаева биыл наурыз бен сәуір айларында Youtube арнасында екі видео жариялап, онда Шымкенттегі мәдениет үйінің басшысы Сәкен Майғазиевті Наурыз мейрамын тойлауға «мемлекет тарапынан бөлінген 565 млн теңгені жоқ қылды», «жемқорлыққа бару халыққа жасаған опасыздық», «жемқор» т.б Майғазиевті ауыр қылмыс жасады деп айыптаған. Өз кезегінде әнші белсендінің бұл сөздері «намысыма тиді» деп, одан кешірім сұрауды және негізсіз фактілерге сүйеніп жарияланған видеоларын өшіруді талап етіп отыр.