Қазіргі кезде сайлауалды бағдарлама республикалық деңгейде 7%-ке орындалды – «Nur Otan» партиясы

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде жыл басынан бері  14 мыңнан астам қабылдау өткізіліп, 74 мың қазақстандық қабылданған.

Қазіргі кезде сайлауалды бағдарлама республикалық деңгейде 7%-ке орындалды – «Nur Otan» партиясы

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы уәделерді мониторингтеу және жергілікті жерлерде өзекті мәселелерді ашып айту үшін Қазақстанда 1,7 мыңнан астам қоғамдық кеңестің өңірлік желісі құрылды. Өңірлік желілерді құруға 12 мыңнан астам белсенді азамат қатысты. Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жазды, - деп хабарлайды Paryz.kz.

​«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасы қазіргі кезде республикалық деңгейде 7%-ке, өңірлік деңгейде 5%-ке орындалды. Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар үшін 250-ден астам нақты ұсынымдар тұжырымдады, оның ішінде бизнеске кедергілерді жою, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, әлеуметтік әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша шаралар қабылдау және басқалары бар. Өңірлік деңгейде 3,3 мыңнан астам өзекті әлеуметтік мәселе қаралды. Көтеріліп отырған мәселелердің барлығы партиялық бақылауға алынады», - делінген Б.Байбектің фейсбуктегі жазбасында.  

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде жыл басынан бері  14 мыңнан астам қабылдау өткізіліп, 74 мың қазақстандық қабылданған. Өтініштердің 96%-і бойынша оң шешімге қол жеткізілді, консультативтік, құқықтық және басқа да көмек көрсетілді. Қалған 4%-і орындалу үстінде. 

«Мәжілістегі «Nur Otan» Фракциясының бастамасымен сайлауалды міндеттемелерді іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 12 заңнамалық және құқықтық акті, оның ішінде 9 заң қабылданды. Олардың қатарында Экологиялық кодекс, инклюзивтік білім беру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және басқалары бойынша өзгерістер бар», - делінген жазбада. 

Атап айтқанда, жастар алдындағы сайлауалды уәделерді орындау жайы ерекше бақылауда. Мәселен, 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша 3,5 мың индикаторға қол жеткізу көзделген. Бұл  35 жасқа дейінгі 4,5 миллионнан астам жас қазақстандықты қамтиды. Бұған қоса, партияны жүйелі қайта жандандыру бағдарламасын жүзеге асыру жалғастырылып жатыр. Бүгінде аймақтық өкілді партия органдарының басшылығы 40%-ке жаңарды. Партия Орталық аппаратының құрылымы штат саны 10%-ке қысқартыла отырып, оңтайландырылды. 

«Қоғамдық бақылауды күшейту, жергілікті жерде енжарлықты жеңу, депутаттардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін биылдан бастап алғаш рет барлық деңгейдегі мәслихаттардағы «Nur Otan» фракциялары мүшелерінің жария рейтингі енгізілді. 1 қыркүйектен бастап азаматтар үшін ашық қолжетімді арнайы интернет-платформаны іске қосу жоспарланып отыр», - деп жазды «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. 

Аталған платформада депутаттардың қызметі, бастамалары туралы ақпараттар жарияланады. Сондай-ақ сайлаушылардың депуттарға тікелей жүгінуіне мүмкіндік жасалады. 

Онда халық қалаулыларының қызметі мен бастамалары туралы ақпараттар, оларға тікелей жүгіну мүмкіндігі қамтылған.