Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

ҰЭМ "жағымсыз ақпарат" таратқан БАҚ-ты қадағалау үшін қаржы жұмсайды

Одан бөлек, министрліктің тапсырысымен компания өкілдері ҰЭМ туралы ақпаратқа қойылған лайктар мен пікірлер, репостарды есептеп шығарған. Реакция білдірген қолданушылардың географиясы мен жасын да анықтаған.

ҰЭМ "жағымсыз ақпарат" таратқан БАҚ-ты қадағалау үшін қаржы жұмсайды
фото: ашық дереккөз

Ұлттық экономика министрлігі қазақстандық және шетелдік БАҚ-тағы материалдарды қадағалау үшін қаражат бөлген. Мұны мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпараттан көруге болады. Ондағы мәліметке сәйкес, аталған ведомство "ақпараттық мониторинг" қызметіне тапсырыс беріп, "АДмастерс" компаниясымен 3,3 млн теңгеге келісімшарт жасасқан деп хабарлайды Paryz.kz, "Азаттық радиосына" сілтеме жасап. 

Құжаттың техникалық сипаттамасындағы мәлімет бойынша, қызмет көрсетуші компания республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Ұлттық экономика министрлігінің аты аталған мақалалар мен материалдарды тауып, шолу жасауы тиіс.

Шолуда Рейтер, британдық BBC агенттігі, ресейлік "Новая газета", "Азаттық радиосы"-ның аты аталады.

Құжатқа сәйкес, компания министрлікке демалыс күндері мен мереке күндерінен бөлек күн сайын екі рет шолу жіберіп отыруы тиіс. Ал "төтенше жағдай кезінде" шолу демалыс немесе мереке күніне қарамастан жағдайға қарай әзірленеді.

Қызмет көрсетуші компания сонымен бірге шолулар жөнінде есеп беріп, оған бір ай ішінде министрліктің қанша рет аталғаны жөнінде статистиканы да қосады. Мысалы, 2021 жылы наурыз айының 14 беттік есебінде Ұлттық экономика министрлігін Vkontakte әлеуметтік желісі мен мемлекеттік "Қазақпарат" агенттігінің бәрінен көп атағаны көрсетілген.

"Ақпарат реңкі" (Тональность) деген бөлімде министрлік туралы ақпараттар "жағымды", "жағымсыз", "бейтарап" және "бұлыңғыр" деп төрт бөлікке бөлініп берілген. Қызмет көрсетуші компанияның есебінше, наурыз айында министрлік туралы 155 – "жағымды", 233 – "жағымсыз", 6613 – "бейтарап", 28 – "бұлыңғыр" ақпарат жарияланған.

Одан бөлек, министрліктің тапсырысымен компания өкілдері ҰЭМ туралы ақпаратқа қойылған лайктар мен пікірлер, репостарды есептеп шығарған. Реакция білдірген қолданушылардың географиясы мен жасын да анықтаған.

Азаттық тілшісі Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтен "Ақпарат құралдарына шолу жасау не үшін қажет болды және алынған мәліметтер қалай іске жаратылады?" деп сұраған. 

Министр сұрақтарға жауап бере алмады, бірақ жазбаша жауап беруге уәде берген. Артынша ресми жауап жолдаған министрлік шолу "министрліктің коммуникация тиімділігін арттыру үшін және негізгі аудиториясымен жұмысты зерттеу үшін пайдаланылады" деп мәлімдеді.

"Аталған қызмет дәстүрлі ақпарат құралдары, әлеуметтік желі, жаңалықтар сайтындағы министрлік туралы ақпараттарды қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Қоғам мен халықтың сұранысын түсінуге және қоғамда туындаған сауалдарға уақытында реакция білдіруге септеседі" делінген министрлік жауабында.

Қазақстанда мемлекеттік органдар кейінгі кезде өздері жайлы "жағымды" және "жағымсыз" ақпараттарды анықтау үшін ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге мониторинг жасай бастаған. Халықтың наразы көңіл-күйі мен әлеуметтік халін зерттеу үшін миллиондаған қаржы жұмсайды.