Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Мәжіліс депутаты қымбатшылыққа байланысты Үкіметті қатаң сынға алды

Сондай-ақ Жамалов Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жұмысын сынға алып, министрлер жағдайды түсіндірумен ғана шектелетініне қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, халық нақты шараларды көріп отырған жоқ.

Мәжіліс депутаты қымбатшылыққа байланысты Үкіметті қатаң сынға алды
коллаж: "Азаттық рухы"

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов азық-түлік саласындағы қымбатшылықтың негізгі себебін атап, инфляциямен күресу үшін алдымен монополия мен картельдерді жою қажет екенін айтты деп хабарлайды Paryz.kz

"Ұлттық банк пен Үкімет инфляцияның деңгейі небәрі 7,2 процентті құрап отыр деп баяндайды. Алайда дүкендерде мүлдем басқаша жағдай болып тұр. Азық-түліктің кейбір түрлері екі есеге қымбаттап кеткен", - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, инфляциямен күресу үшін монополия мен картельдерді жоймайынша, қымбатшылықты тоқтату мүмкін емес.

"Жақында Ресейдің Премьер-министрі кейбір өнім өндірушілер мен сауда желілерінің ашкөздігі қымбатшылықтың негізгі себебі деп айтты. Қазақстанда тура сондай жағдай болып тұр", - деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ Жамалов Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жұмысын сынға алып, министрлер жағдайды түсіндірумен ғана шектелетініне қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, халық нақты шараларды көріп отырған жоқ.

"Жақында ғана Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны негізсіз көтеруге қарсы жаңа тәжірибе жайында баяндаған болатын. Оны "жұмсақ құқық" практикасы деп атайды екен. Алайда, шын мәнінде, кезекті бос сөзге көбірек ұқсайды", - дейді депутат. 

Осы орайда ол ресми статистиканы да келтірді. Соңғы төрт айдың ішінде монополияға қарсы орган жұмыртқа, күнбағыс майы, қант, қарақұмық, сүт өнімдері, макарон сияқты тауар өндіретін және жеткізетін компанияларға 48 рет ескерту жасаған. Себебі бағаны өзара келісіп көтерудің белгілері болған. Алайда соңғы 12 айдың ішінде жұмыртқа 33,7%-ға, күнбағыс майы – 48%-ға, қант - 26,3, ал қарақұмық 29,4%-ға қымбаттап кеткен.

"Агенттік дәл осы тауарлар бойынша ескерту жасаған. Сонда нәтижесі қайда? Бізге ондай "жұмсақ құқықтың" қажеті қанша? Меніңше, қымбатшылық кезінде көзбояушылықпен емес, тиімді жұмыспен айналысу керек", - дейді мәжілісмен.

Жамалов өз сөзінде Үкіметке депутаттық сауал жолдап, азық-түлік бағасын ұстап тұруды тиімді тетіктерін енгізуді талап етті.