Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Ассамблеяның әбден сүйкімі кеткенін Назарбаев та түсінді" - Әміржан Қосанов

Назарбаев Ассамблеяны басқарудан бас тарта отырып, “Елбасы билікті бөлісуге әзір” деген әңгіменің шетін шығарып кеткен. 

"Ассамблеяның әбден сүйкімі кеткенін Назарбаев та түсінді" - Әміржан Қосанов
Фото: ашық дереккөз

“Назарбаев Ассамблеядан құтылғанша асықты” деп есептейді Әміржан Қосанов. Неге? Тұңғыш президентпен бірге жасасып, ширек ғасырдан аса жұмыс істеп жатқан құрылым Елбасыға несімен жақпай қалды?

Бұдан бұрын біздің портал Тұңғыш президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) басшылығынан өз қалауымен кетіп, тізгінді президент Тоқаевқа тапсырғанын хабарлаған. Билік айтатын 130 ұлттың басын қосқан ұйымның құрылғанына биыл 26 жыл толды. 

“ҚХА сонау 1995 жылы көпұлтты Қазақстандағы тұрақтылық пен татулықты сақтау мақсатында құрылған еді. Билік осы арқылы ұлтаралық қатынастағы конфликтілер мен кикілжіңдердің алдын-аларына сенімді болды. Ассамблеяны диалог алаңына айналдырып, ұлтаралық қатынас атты аса нәзік дүниені бюрократиялық жолмен реттеуге тырысты. Сөйтіп тек Назарбаевқа бағынатын квазимемлекеттік институттың құрылуына жол ашты. Іс жүзінде биліктің жоспары жүзеге асқан жоқ”, – дейді Қосанов. 

| DalaNews

Саясаткер пікірінше Қазақстанның ұлтаралық ұрыс-жанжал мен катаклизмдерден аман қалуы әсте Ассамблеяның арқасы емес. Бұған билік те бәлендей үлес қосқан жоқ.

Қосанов елдегі бірлік пен тұрақтылық қазақ халқының шыдамдылығы мен туабітті толеранттылығының арқасында ғана шайқалмай отырғанын айтады.

Ата жұртында отырған қазақтар кірме ұлттарды жатсынбай қарсы алған. Қиын жылдары бір үзім нанға зар болған этностарды елеп-есіркеп, жылы-жұмсағын алдына тосқан. Жасаған жақсылығын бұлдамай, қатарға қосылуына, үрім-бұтағын өрбітуіне жәрдемдескен. 

Ал Ассамблея ше? 

“Ассамблея шын мәніндегі абыройлы һәм ықпалды ұйымға айнала алмады. Кейбір азаматтар бұл ұйымның бар екенін де білмейді, қоғам Ассамблеяның сөзіне құлақ аспайды. 

Осы 30 жылда ұлтаралық кикілжіңнің бірнешеуін бастан өткердік. Кейбіреуі жанжалға ұласа жаздады. Ассамблея соның бірде-бірінде жұмған аузын ашқан жоқ. Керісінше өзін аулақ ұстап, жым-жырт жатып алды. Болған жайға басу айтып, жол көрсетудің орнына үнсіз қалғанды жөн көрді”, – дейді Қосанов. 

Шынайы өмірден алыстап кеткен Ассамблея саяси институт ретінде өлген ұйым. Өзін-өзін толықтай дискредиттеп, ұлттық саясатқа үн қосатын құқықтан айырылған. 

Сөй деген Қосанов ҚХА бүгінгі жүйенің сойылын соғуды ғана білетін пропаганда құралына айналып кетті дейді.

Айтуынша Ассамблеяның қолынан келері – биліктің нұсқауымен өткізілетін от-шашу мен даңғаза акциялар, керексіз концерттер ғана. Одан қалды Назарбаевтың өкілетін ұзартатын кезектен тыс референдумға атсалысу. Бар болғаны осы.

Ассамблеяда ұлтаралық қатынасты қадағалап, дұрыс арнаға бағыттайтын ынта-ықылас атымен жоқ. Ұйым мүшелерінің Мәжілістің төрінен түспей, сайлаудан сырт депутаттық мандатқа ие болуы да қоғамның ашуын туғызады. 

“Ассамблея басынан сөз асырмайтын ұйым. ҚХА-ны сынадың екен сенен өткен жексұрын жоқ. Халықтар достығы мен елдегі береке-бірлікке қарсы шыққан боласың. Саған қарсы ақпараттық шабуыл басталады.  Керісінше мақтаған майдай жағады бұларға.

Жалпы бұл ұйым жалпақтаудың хас үлгісін көрсетіп, жағымпаздардың жаңа буынын тәрбиелеуде. Назарбаевтың іші-бауырына кіргенде айдалада отырған мына біздер қараптан-қарап қысыламыз. 

Ашығын айтқанда, Ассамблеяның әбден сүйкімі кетті. Бұдан әрі қарай бұл ұйымды сүйретіп жүрудің қажеті жоқтығын Назарбаев та түсінді”, – дейді Қосанов.   

Айтуынша Тұңғыш президент Ассамблеядан құтылғанша асық болған. Қоғамның көз алдында құлдырап, қадірінен айырылған активке басшылық ету абырой әпермесін түсінген. 

Назарбаев Ассамблеяны басқарудан бас тарта отырып, “Елбасы билікті бөлісуге әзір” деген әңгіменің шетін шығарып кеткен. 

Қосанов Ассамблея Тоқаевқа мұраға қалды деп есептейді. Саясаткер Қазақстандай көпұлтты елде ұлтаралық қатынасты дұрыс арнаға салып, ұдайы бақылайтын құрылымның болғанына қарсы емес.  Әйтсе де…

“Мына түрімен Ассамблея Тоқаевтың түбіне жетеді. Ұйымның жұмысын түбірімен өзгерту қажет. Бәлкім оған ерекше статус беру қажет шығар. Соған сай тиісті міндет жүктелсе. Ұлтаралық келісімге мүлде қатысы жоқ той-томалақ, концерт өткізуіне тыйым салынса. 

Мұның басқа бір жолы бар.

Егер біздің елде шын мәніндегі толысқан, тәуелсіз Парламент құрылса, халық қалаулылары қоғамның қаны сорғалаған мәселесін ашық талқылаудан тартынбаса, барша мәселе Парламентте шешіліп, таразыға тартылса Ассамблея қажет болмай қалады. Әй, бірақ бұған күмәнім бар. Назарбаевтың жолымен жүретінін мәлім еткен Тоқаев Ассамблеяның құйрық – жалын кесе қоймас”, – дейді Қосанов. 

Назарбаев Ассамблеяны Тоқаевқа тапсырғаннан кейін сарай маңындағы сарапшылар мен блогерлер мұны “Елбасының кезекті көреген шешіміне” балап: “Тұңғыш президент биліктің тағы бір тармағынан бас тартты. Нағыз тандем деп осыны айт. Транзиттің үлгісі біздегідей болсын”, – деп жамыраса жөнелген. 

Қосановтың пікірінше сырт көзге солай көрінгенмен, шын мәнінде нағыз транзиттің ауылы әлі алыс. Анығында, Назарбаев ешкімге керегі жоқ Ассамблеяны Тоқаевқа ысыра салған. Қауіпсіздік кеңесі мен Нұр Отанның тізгінін тас қып ұстап отыр. Назарбаев Ақ Ордаға өз еркімен шешім қабылдауға ерік бермеуде. 

“Қазіргі жағдай Тоқаевқа да оңай тимей тұр. Індет болса асқынып барады, экономика есеңгіреп қалған, жұрттың тұрмысы төмендеп кеткен. Бұған енді Ассамблеяның шаруасы жамалды. Ертең оттың ортасында қалатын Тоқаев болады. Сынның бәрі соған бағытталады. Бұған Елбасының жақтастары да “үлес” қосуы мүмкін. “Назарбаевтың тұсында мұндай болмап еді…” деген сыңайды пікірлер солардың нұсқауымен жазылып жатқаны анық”, – дейді саясаткер.

Бір жылдары Тоқаевпен таласып, президенттік сайлауға түскен Қосанов Назарбаевтың “үшінші президентті” әзірлеп жатқанына сенімді. Бұған Тоқаев қарсы шығып, өзінің екінші мерзімге сайланғысы келерін, Тұңғыш президент ұсынған “үшінші адамның” кандидатурасын қолдамайтынын мәлімдеуі мүмкін.  

“Мұндай сценарийді жоққа шығаруға болмайды. Тоқаев Назарбаевқа қарыздар болса да, саяси амбициясын табанға таптатпайды”,  – дейді Әміржан мырза.