Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Нұр-Сұлтанда базар басшысы саудагерлерден қомақты пара сұраған

Амалы құрыған саудагерлер ішке лап қойды. Оларды ішке жібермеймін деп тырмысқан күзетшісін кедергі құрлы көрмей, бір шетке лақтырып тастады...

Нұр-Сұлтанда базар басшысы саудагерлерден қомақты пара сұраған
фото: видеодан скриншот

Елордада саудагерлер пара сұраған базар басшысына басып кірді. Әрқайсынан 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін пара сұраған әрі сауда орнын жалдау ақысын 30 пайызға көтереміз деген жаңа директорға саудагерлер осылай жауап берді, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Бір жарым миллион сұраған алдында, осы жылдың басында. Енді қазір ауысты директорымыз. Бірінші күн істеп жатыр. 500 мыңнан беріңдер деп жатыр және 30 пайыз жалға беру бағасын көтер деп жатыр. Таңертең 10 бутиктен бардық. 500 мыңнан беріңдер деді. Не сұмдық?! Пара ғой бұл", - дейді саудагер Жанна Бақтиярқызы.

Даулы мәселе қаладағы "Он олжа" базарына қатысты. Жуырда ауысқан базар басшысының кеше жұмысқа кіріскеніне бірінші күн екен. Бұл талапқа қарсы саудагерлер "алдымен бәріміздің алдымызда жағдайды түсіндірсін" деп, базар директорын бір сағаттай күтті. Бірақ басшылық есік алдына күзет қойғаннан басқа белгі білдірмеді. Амалы құрыған саудагерлер ішке лап қойды. Оларды ішке жібермеймін деп тырмысқан күзетшісін кедергі құрлы көрмей, бір шетке лақтырып тастады.

Дүйім жұртты сарылтып қойған директор орнында отыр екен. Оның саудагерлерді осынша уақыт күттіріп қойған себебі, сауда орнын жалдау ақысын қайта қарапты. Сөйтіп таңертең ғана жалдау ақысын 30 пайызға көтереміз деген талабынан бас тартып, бұрынғыша қалдырды. Ал әрбір саудагерден 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін пара сұрағанын «жалған сөз» деп жалтарғысы келген. Мұнысы кабинетке кірген жұртты қыран-топан күлкіге қарық қылды.