Еліміздегі 4 ақылы жолдан бір жылда 5 млн теңге қаражат түсті

Елімізде жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы учаске бар.2019 жылы еліміздегі төрт ақылы учаскеден 5 389 млн теңге қаражат түсті. Бұл туралы ҚазАвтоЖол хабарлады.

Еліміздегі 4 ақылы жолдан бір жылда 5 млн теңге қаражат түсті
сурет informburo.kz сайтынан

Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас автожолдарындағы ақылы учаскелердегі төлемақы мөлшері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен, автокөліктің жүк көтергіштігіне байланысты бекітілген.

Өткізу пунктінде кептелісті болдырмас үшін алдын-ала төлем жүйесі енгізілген. Жеңіл автокөліктер үшін арнайы сараланған тариф те бар. Яғни, алдын-ала төлем жасаған автокөліктердің төлемақысы екі есе арзан. Сондай-ақ, ақылы автожолдың маңайындағы елді мекендерде тіркелген автокөліктерге құны 1000 теңгені құрайтын 1 жылдық абонемент қарастырылған.

2019 жылдың қорытындысы бойынша төрт ақылы учаскеден жиналған қаражат 5 389 млн теңгені құрады. Оның ішінде: «Нұр-Сұлтан-Теміртау» - 1 729 млн теңге, «Нұр-Сұлтан-Щучинск» - 1 700 млн теңге, «Алматы-Қорғас» - 988 млн теңге және «Алматы-Қапшағай» 972 млн теңге. Сондай-ақ, бір жыл ішінде (2019 жылы) барлық ақылы учаске бойынша 10,5 млн автокөлік жүріп өткен.