Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Бас прокуратура депутаттарға ҚазҰУ-дың даулы жеріне қатысты мағлұмат берді

"Алматы қаласының əкімдігі Жер кодексінің 48 жəне 82-баптарын бұза отырып, "Omirex" ЖШС жерлерін (екі учаске, жалпы алаңы - 0,74 гектар) сауда-саттықсыз жəне оларға университеттің жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін берген", - деді Бас прокурордың міндетін атқарушы Берік Асылов.

Бас прокуратура депутаттарға ҚазҰУ-дың даулы жеріне қатысты мағлұмат берді
фото: icd.kaznu.kz

Бас прокуратура әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жер учаскесін бөлу заңдылығына қатысты жаңа мәліметтерді ұсынды. Оған қатысты Бас прокурордың міндетін атқарушы Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берді, деп хабарлады paryz.kz.

"2012 жылдың 30 қаңтарында Алматы қаласы əкімдігінің қаулысымен университетке алаңы 73,26 гектар жер учаскесіне тұрақты пайдалану құқығы берілген. Ал 2017 жылдың 2 қазанында қала əкімдігі аталған учаскенің шекарасын түзету туралы қаулы қабылдаған және жердің алаңы 1,8 гектарға азайтылған", - деді Берік Асылов.

Оның мәліметінше, учаскенің азайтылған бөлігінің 0,74 гектары "Omirex" ЖШС-ның, 0,56 гектары коммуналдық қызметтердің ("Алматы Су" МКК, "Алматы жылу желілері" ЖШС, "Қазпошта" АҚ, "Қазақтелеком" АҚ) жəне 0,52 гектары Ш. Мұстафаевтың қарамағына өткен.

Бас прокуратураның анықтама ретінде ұсынған мәліметтеріне сәйкес, Ш. Мұстафаевтың жер үлесі университеттің өндірістік үй-жайларын көпшілік сауда-саттықта сатып алу нəтижесінде пайда болған.

Ш. Мұстафаевқа тиесілі осы үй-жайды иеліктен шығарудың заңдылығы Алматы қаласының аумақтық мемлекеттік мүлік жəне жекешелендіру комитеті комиссиясының 1999 жылғы 12 қарашадағы қорытындысымен жəне Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2000 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен расталған.

"Дегенмен Алматы қаласының əкімдігі Жер кодексінің 48 жəне 82-баптарын бұза отырып, "Omirex" ЖШС жерлерін (екі учаске, жалпы алаңы - 0,74 гектар) сауда-саттықсыз жəне оларға университеттің жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін берген. Анықталған бұзушылықтарды құқықтық бағалау бойынша өкілеттік Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетіне жататынын ескере отырып, 2021 жылдың 19 наурызында Алматы қаласының прокуратурасы олардың мекенжайына тиісті тексеруді ұйымдастыру туралы хат жолдады", - деді Берік Асылов.