Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Барлығымыз жұмыссыз жүрміз": Алматыда кәсіпкерлер шу шығарды (ВИДЕО)

Бас санитар карантин талаптарын күшейткен соң, мейрамхана қожайындарынан маза қашқан.

"Барлығымыз жұмыссыз жүрміз": Алматыда кәсіпкерлер шу шығарды (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Алматыда мейрамхана қожайындары мен қызметкерлері карантин режимінің қатаңдатылғанына қарсылық білдірді, деп хабарлады Астана телеарнасына сілтеме жасаған paryz.kz.

Жеке кәсібін дөңгелеткендер, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақытын ұзартуды талап етті. Себебі кәсіпкерлер қазір қызметкерлерге жалақы төлемек түгілі, ғимаратты жалға алу ақысын төлей алмай жүрміз дейді. 

Бас санитар карантин талаптарын күшейткен соң, мейрамхана қожайындарынан маза қашқан. Себебі олар жаңа қаулы қарызға белшеден батырады дейді. Өйткені жұмысшылардың саны қысқарып, кәсібі жабылып қалу қаупі күшейген.    

"Өте көп қиыншылықтар көріп жатырмыз. Адамдарды жұмыстан шығару, олардың айлықтарын созып төлеу. Бізге келіп жатқан қонақтар азайып қалды. Себебі жұмыс уақыты қысқартылып тұр. Сегізге дейін жұмыс істе дегенді қарасақ постановление бойынша адамдар жұмысынан 6-да шықса олар кафеге қалай 8 ге қарай барады. Ең болмағанда 12-ге дейін жұмыс істесек", - деді мейрамхананың басқарушы директоры Талғат Әбдіхалықов.

Кәсіпкерлер ғимараттың жалға алу ақысы мен несиесін төлей алмай отыр. Қаланың қақ ортасында орналасқан мына элиталық қоғамдық орынның есігі, құлыпқа жабылыпты. Жаңа қаулы енгізілгелі бері, ешкім аяқ баспаған көрінеді.  

"Біздің мейрамханамызға жұрт кешкі сағат сегізден кейін ғана жиналады. Оған дейін бірде-бір қонақ жоқ. Жаңа қаулы қабылданғалы бері мейрамханамыз жабық. Себебі күндіз адам келмейді. Жұмысшыларымыздың барлығы үйлерінде жұмыссыз жатыр", - деп мейрамхананың басқарушы директоры Анастасия  Беккер шағымданса,

"Мен мерекелік кештердің ұйымдастырушысымын. Менің жанымда диджейлер, шоу бағдарламалардың жүргізушілері, музыканттар тағы да басқа қызметкерлер бар. Қазір барлығымыз жұмыссыз жүрміз. Өйткені карантиндік шектеулер бізге жұмыс істетер емес", - деді мерекелік кештерді ұйымдастырушы Айдын Халитов.

Базынасын жеткізген кәсіпкерлер, бұлацй жалғаса берсе, көлеңкелі бизнестің дәурені жүретінін жасырмайды. Ал қалалық санитарилық мамандар болса, мегаполистағы ахуалдың көңіл көншітпейтінін айтты.

"Қазір қаладағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап тұр. Тәулігіне 307-ге жуық жағдай тіркелді. Қызыл аймаққа ендік. Сондықтан бұл қаулы инфекцияның таралуын оқшаулау мақсатында қабылданды. Яғни қоғамдық тамақтану орындары 20-шы наурыздан бастап кешкі сағат 21:00-ге дейін ғана жұмыс істейді", - деді Алматы қ. санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Мамандар вирустың өршуіне қоғамдық тамақтану орындары да ықпал етіп отырғанына сенімді.

Сондай-ақ, Департамент өкілдері тәртіпке бағынбаған кәсіпкерлерге әкімшілік құқықбұзушылық іс қозғалады деп отыр. Бүгіннің өзінде 160-тан астам мейрамхана қожайыны айыппұл арқалаған.