Мемлекет басшысы қазақстандықтарға үндеу жасады

Президент еліміздегі эпидемиялық ахуалдың тұрақсыз екенін айта келе, қала тұрғындары мен бизнес өкілдері індеттен сақтануға аса мән бермей, оны елемей жүргенін атап өтті.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарға үндеу жасады
Фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырды, - деп хабарлайды paryz.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Президент еліміздегі эпидемиялық ахуалдың тұрақсыз екенін айта келе, қала тұрғындары мен бизнес өкілдері індеттен сақтануға аса мән бермей, оны елемей жүргенін атап өтті.

"Мен тағы да отандастарымызды сабыр сақтауға, барлық санитарлық нормаларды қатаң ұстануға, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырамын. Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакцинация жүргізуге дайын болуы керек. Біз 1 ақпаннан вакцинация жұмысын бастадық. Бірақ дәл қазіргі уақытқа дейін вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады. Жоспар бойынша біз 6 миллионнан астам адамға вакцина салдыруымыз керек.  Егер өз өндірісіміздің қуаты мен Ресейден әкелінетін вакцина жетпей жатса, онда нарыққа шығып, қажетті көлемді импорттау қажет. Жаппай иммунитет қалыптастырмай ауруды жеңе алмаймыз, экономиканы қайта қалпына келтіру де мүмкін емес", - деді Президент.

Тоқаев Үкіметке аталған жұмысты жандандыруды тапсырды.

"Бұл мәселені өзім бақылап отырамын. Вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ. Осы мәселені азаматтардың есіне тағы бір мәрте салғым келеді", - деді Мемлекет басшысы.