Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Омар Жәлел елбасына "көрге үлгілі атақпен кіруді" тіледі (ВИДЕО)

"Жалпы, сенімді өзгеге емес, қазаққа артуы керек қой. Ставканы қазаққа жасау керек. Осы елдің, жердің иесі – қазақ", - деді Тоқаевқа қатысты.

Омар Жәлел елбасына "көрге үлгілі атақпен кіруді" тіледі (ВИДЕО)

Белгілі абайтанушы ғалым Омар Жәлел Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында Алматыда өткен феминистер маршы жайында пікір білдіріп, өзінің 2019 жылы лекцияларында айтқан ойларын еске түсірді. Сондай-ақ елбасына "көрге үлгілі атақпен кіруді" тілеп, президентке тек қазақ ұлтына сенім артуға кеңес берді, деп жазды paryz.kz.

"Шәкәрім "Еуропа мәдениетті ел бүгінде, хайуандықтан шыққан жоқ олар мүлде" дейді. Хайуандардың өзінде еркек сиыр мен еркек сиыр, ұрғашы сиыр мен ұрғашы сиыр жақындаспайды. Сондықтан мен көтерген мәселелер бар ғой, "қыз бала - тауар", "ата-ана өз қызына ие болу керек, тәрбиелеу керек" деген, Алматыда болған жағдай - осы айтылғандардың қарама-қарсысы ғой. Айтқаным айдай келді. Осылай болуы мүмкін ғой деп ескерттім, сол кезде жұрт өре түрегеліп, айғай-шу шығарды", - дейді ғалым.

Айтуынша, ол "қыз бала - тауар" деген пікірін білдірген кезде феминистердің бар екенін де білмепті. Ол туралы ойламаған да екен.

"Қазақтың көзімен, қазақтың дүниетанымы, позициясы тұрғысынан қарадым бұл проблемаға. Тауар дегенге ренжиді жұрт. Мысалы 150 млн орыс отыр. Мен соны айтқам. Дәстүрлі орыс мәдениетінде "у вас - товар, у нас - купец" деп айтады, құдаласуға барғанда. Менің айтайын дегенім, қызды ата-ана дүниеге әкелді ме, ол құнды болуы керек. Оны орналастыру - ата-ананың міндеті. "Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды" дейді бізде. Қазақ неге өспей жатыр? Ата-ана басты міндетінен - ұл-қызды құтты орнына қондыру парызынан бас тартып отыр. Біз ұл-қызымызға ие болмасақ, марштан да сорақысы болады", - дейді филолог.

Омар Жәлелдің ойынша, қыз бала да білім алуы керек, алайда бірінші орынға тек ғылымды қоймағаны жөн.

"Мен қыз бала оқымасын деп айтқан жоқпын. Егер адам тек ғылымды бірінші орынға қойып, ғылым жолында бәрін құрбандыққа шалса, жеке басы бақытсыз болып қалады. Бұл - біздің қоғам үшін өте зиянды. Қыздың мұраты деген – оның жаратылыс мақсаты. Одан айнымаса, ғылыммен айналысса да, депутат, академик болса да, құба-құп. Ал егер жаратылыс мақсатын құрбандыққа шалса, онда қоғамға зиянды", - дейді ол.

Ал журналистің "Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа қандай кеңес берер едіңіз?" деген дәстүрлі сұрағына:

"Енді ол кісі бәрін жақсы бастап жатыр. Өзіміздің ұлттық салт-дәстүр, мәдениет, дүниетаным... жалпы, сенімді өзгеге емес, қазаққа артуы керек қой. Ставканы қазаққа жасау керек. Осы елдің, жердің иесі – қазақ", - деп жауап берді.

Сондай-ақ сұхбатты ол елбасына өзі зерттеп жүрген Абайдың сөзімен тілек тілеп түйіндеді.

"Бұл дүниенің қызығы махаббатпен, Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен", - дейді ғой Абай. Сондықтан мен ол кісіге жақсы қартаюды, көрге үлгілі атақпен кіруді тілеймін", - деді Омар Жәлел.

Ол тілек - сұхбаттың 01:11:45 уақытында.