Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Дүниеге келген балаға 4,2 миллион теңге төленсін": мәжілісмендер "хайп қуып" жүр ме?

"Кейбір мәселелердің шешілмейтінін біліп тұрса да өзін көрсетіп қалғысы келеді", - дейді қоғам белсендісі.

"Дүниеге келген балаға 4,2 миллион теңге төленсін": мәжілісмендер "хайп қуып" жүр ме?
фото: ашық дереккөз

Бүгінде депуттаттар әлеуметтік мәселелерді жиі-жиі көтеріп, түрлі ұсыныстарын премьер-министрге жолдап жүр. Бастамалар жұрт арасында да жиі талқыға түсуде. Алайда айтылған сөз, ұсыныстар орындалып жатыр ма? Әлде халық қалаулылары көптің көзіне түсудің тәсілін меңгерген бе? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады, деп жазды paryz.kz.

Несие амнистиясы, 21 мың теңге, зейнет жасын төмендету, 4 миллион 200 мың теңге! Соңғы уақытта мәжілісмендер түрлі ұсыныстар айтып, өзекті мәселелерді жиі көтеретін болды. Әрі айтқандары әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Алайда халық қалаулыларының орындалуы екіталай мұндай бастамаларын жұрттың бірі хайп десе, өзгесі күлкі шақыратынын айтады.

Әлеуметтік мәселелерді отырыс құрғатпай көтеріп жүргендердің бірі - Айқын Қоңыров. Мәжілісмен былтыр несие амнистиясын жариялап, жерді де тегін таратып беруді ұсынған болатын. Енді ол Қазақстанда ана капиталын енгізіп, бала дүниеге келгені үшін 4,2 миллион теңге төлеуді ұсынып отыр.

"Өз құқықтары шектелген қаржы институттарының қысымымен қалу қаупі бар жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды кредиттік рақымшылық жүргізу қажет", - деді депутат.

Ал Александр Милютин зейнет жасын 60-қа төмендету керек деген еді. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұл мәселе әзірге күн тәртібінде жоқ деп кесіп айтты. Ал блогер Алмас Тоқабаев депутаттардың мұндай мәселені қозғап жатқаны орынды дейді.

"Депутаттар осындай ұсынысты айтуы керек, айтылу керек. Нақты сол 4 млн бере алмаса да бұл мәселе жиі көтерілсе, жәрдемақының 60-70 мың, оны 2-3 есе көбейтсе, дәл қазіргіге жақсырақ болар еді. Мейлі популизм болсын, айтылған нәрсе піскен кезде орындалады деп ойлаймын", - деді блогер.

Қоғам белсендісі Айша Құрманғали да мәжілісмендердің кейбір ұсыныстары популизм, бірақ үнсіз отырғаннан гөрі өзекті мәселелерді жиі көтергені әлдеқайда дұрыс деп есептейді.

"Үнсіз отырғаннан гөрі айтылғаны, Үкіметтің есіне салып отырғаны дұрыс. Кейбір мәселелердің шешілмейтінін біліп тұрса да өзін көрсетіп қалғысы келеді", - деді ол.

Ал өткен аптада депутат Ерлан Смайылов халықтың қолайына әбден жағатын, бірақ іске асуы екіталай ұсынысты айтып қалды. Оның есебінше, мемлекет жаңадан туған сәбиге кемі 4 млн 200 мың теңге төлеуі керек. Өйткені еліміздегі әрбір алтыншы бала кедей отбасында тәрбиеленеді екен.

"Елімізде аналық капиталды енгізу қажеттілігі туындап тұр. Ол бойынша мемлекет Қазақстан азаматтарына дүниеге келген әр бала үшін 4,2 миллион теңге беруі тиіс. Бұл қаражат отбасының баспана мәселесін реттеуіне немесе баланы оқытуға, ананың зейнетақы жинағына жұмсалуы керек", - дейді депутат.