Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

"300 отбасы әбден байып, ал қалғаны кедейленген" - Қырғызстан президенті (ВИДЕО)

"...Соның салдарынан бізде үшінші рет революция болды. Бұл - бірінші себебі. Екінші себебі – таза емес, әділетсіз сайлаулардан шығып отыр..."

"300 отбасы әбден байып, ал қалғаны кедейленген" - Қырғызстан президенті (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлады paryz.kz.  

Журналистің "Қырғыз бұқаралық ақпарат құралдарын, сайттарын, Facebook-ті қарап, оқып отырамыз. Сізді қазір қатал басшы деп есептейді. Мұндай имидждің қалыптасуы немен байланысты болды?" деген сұрағына президент былай деп жауап берген:  

"Бәлкім, сырттай қарағанда қатал көрінетін шығармын, бірақ өзім жұмсақ адаммын. Бізде қазір заң барлық жерде жұмыс істейді. Мен барлығына – министрлерге, Премьер-Министрге, күштік құрылымдарға, барлығына тек заң аясында әрекет етіңдер деп айтамын. Жемқор болса, қылмыс жасаса, іс басындағы болсын, бұрынғы басшы болсын, жазасын алсын деймін. Егер жала жауып қамап қойған болсаң, онда өзің жазаға тартыласың деп айтамын. Сондықтан қазір бізде заң, жүйе жұмыс істей бастады. Қатал басшы деген ойыңыздың түп төркінін түсініп тұрмын. Премьер-Министрлер, министрлер, басшылар және басқа да үлкен шенеуніктер қамалып жатыр. Соны меңзеп сауал қойып отырғаныңызды түсінемін. Бізде 30 жылдан бері жемқорлықтың тамыры тереңге кеткен. Қырғызстан бойынша 300 адам мен олардың отбасы әбден байып, ал қалғаны әдбен кедейленген. Соның салдарынан бізде үшінші рет революция болды. Бұл - бірінші себебі. Екінші себебі – таза емес, әділетсіз сайлаулардан шығып отыр. Сондықтан біз бұған дейінгі президенттердің қателігін қайталамай, таза сайлау өткізейік деп, әділ сайлау жасадық. Жақында жергілікті сайлаулар да болады, референдум өтеді. Оны да таза өткіземіз. Одан кейін күзде Парламенттік сайлау болады. Біздің заңдар да толыққанды жұмыс істеуі тиіс. Заң президенттен бастап қолына кетпен ұстаған диқанға дейін - барлығына бірдей болуы қажет. Қазір біз сол заңдылықты, әділеттілікті орнатып жатырмыз. Әрине, мұның барлығын бір жылдың ішінде жіпке тізгендей қылып, кемшіліксіз алып кете алмаймыз. Өйткені, бұны түзеу үшін 2-3 жылдай уақыт керек. Әлбетте кемшіліктер бар. Ондай болмай қоймайды да. "Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді" дейді ғой. Онша-мұнша кемшілік болары сөзсіз. Бірақ, біз оны бірден түзетуге барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз".