Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Қазақстанда тұратын 70 мыңға жуық күрд қазақ халқына риза" - Князь Мирзоев

"Күрдтердің шамамен 75%-ы қазақ тілін жақсы меңгерген. Биыл біз күрд балаларына латын әліпбиіне көшу үшін латын әліпбиін шығардық", - дейді ол.

"Қазақстанда тұратын 70 мыңға жуық күрд қазақ халқына риза" - Князь Мирзоев
фото: дереккөз

1 наурыз күні елімізде жалпыхалықтық мереке - Алғыс айту күні аталып өтеді. "Барбанг" күрдтер қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев бұл күннің маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Князь Мирзоев Қазақстанда тұратын 70 мыңға жуық күрдтің ел тұрғындарына қонақжайлылығы мен қолдауы үшін ризашылықтарын білдіретінін атап өтті.

"Бізге барлық жағдай жасалды. Біздің құқығымыз Конституциямен қорғалған. Күрдтер 1937-1944 жылдары Қазақстанға жер аударылды. Қазақ халқы бізді жылы қабылдады, баспана берді, моральдық-материалдық көмек көрсетті", - дейді спикер.

Ол көктемнің алғашқы күні "рақмет" сөзімен басталатынын және олар үшін ерекше мереке екенін жеткізді.

"1 наурыз - Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні, Алғыс айту күні, бұған қоса, көктемнің бірінші күні атап өтіледі. Бұл күні үйде дастархан жайып, қонақ шақырып, мерекені тойлаймыз", - деді ол.

Сонымен қатар, ол ұлы далаға қоныс аударған өзге этнос өкілдері қазақ халқына риза екенін тілге тиек етті.

"Біздің балаларымыз Қазақстанда білім алып жатыр. Этнос өкілдері республиканың әр саласында жұмыс істейді: дәрігерлер, заңгерлер, кәсіпкерлер және тағы да басқа", - деді Князь Мирзоев.

Оның айтуынша, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы - барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астында біріктіретін бірегей институт.

"Мен күрд этномәдени орталығының жетекшісі, профессор, академик ретінде өз халқымның және отбасымның атынан елбасыға және Қазақстан халқына алғыс білдіргім келеді", - деді ол.

Сондай-ақ, қазақ тілі күрдтер үшін өте маңызды тіл екенін баса айтты.

"Күрдтердің шамамен 75%-ы қазақ тілін жақсы меңгерген. Биыл біз күрд балаларына латын әліпбиіне көшу үшін латын әліпбиін шығардық. Біздің балалар қазақ тілін балабақшадан бастап оқиды. Қазақ тілін білу - ең алдымен өзін және Қазақстан халқын құрметтеу. Біз өзіміз тұратын мемлекеттің тарихын, мәдениетін және тілін білуіміз керек. Қазақ тілін білу - өте маңызды", - деп түйіндеді сөзін Князь Мирзоев.

Айта кетейік, 2015 жылдың сәуір айында ҚХА 22-ші сессиясы мен ҚХА 20 жылдығын мерекелеу кезінде елбасы Қазақстанда Алғыс күнін атап өтуді ұсынды. Бұл күн - барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген махаббаты мен достығының жарқын белгісі.