Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Тара дегенде тарау керек еді...": бүгін еліміздің көп өңірінде митинг өтті (ВИДЕО)

"Кеттлинг" сыртында 10-15 адам шеңбер ішіндегі адамдарға қарсы ұрандатып, "Демпартия" бастамашыл тобының жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамайға бағыттап: "Мамай, қарабет!" деп айғайлады...

"Тара дегенде тарау керек еді...": бүгін еліміздің көп өңірінде митинг өтті (ВИДЕО)
фото: дереккөз

28 ақпанда, Қазақстанда билікке қарсы бейбіт митинг өтетін күні полиция Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа қалаларда күзет күшейтіп, наразылыққа шыққандарды "кеттлингке" алды, ұсталғандары да бар. Бұл митингіге жұртты оппозициялық топтар – "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топ пен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы шақырған, деп хабарлады Азаттық радиосы.

Алматыда арнайы жасақ Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдына "Демпартия" бастамашыл тобының митингіне жиналған 20-30 адамды қоршауға алды. "Кеттлингтің" өзі бірнеше қабаттан тұрады.

Қоршау көшеден өтіп жатқан көліктерге көрінбес үшін автобустармен көлегейленген. "Кеттлинг" сыртында 10-15 адам шеңбер ішіндегі адамдарға қарсы ұрандатып, "Демпартия" бастамашыл тобының жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамайға бағыттап: "Мамай, қарабет!" деп айғайлады. "Демпартия" өкілдері қарсы ұрандатып жүргендерді "титушкалар" деп санайды.

Полиция сырттан келгендерді бірден таратып тастады. Балуан Шолақ спорт сарайының маңында күзет күшейіп, көліктердің жүруіне тыйым салды. Сол маңдағы метро станциясы да жабылған.

Арнайы жасақ белсенділерді "кеттлингте" бірнеше сағаттан бері ұстап тұр. Ал елде қызметіне тыйым салынған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (ҚДТ) жетекшісі, қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов митингіге шақырған Горький паркінің жанында кем дегенде 50 адам ұсталған. Ұсталғандар "саяси тұтқындарға бостандық", "Назарбаев - диктатор!" деп айғайлады.

Нұр-Сұлтанда полиция белсенді Дулат Ағаділді еске алу үшін Сәдуақас Ғылмани атындағы мешіт алдына жиналған 30 шақты азаматты екі шеңберге қоршауға алды. Олар құлыптаулы мешіттің сыртында марқұм Ағаділдің рухына құран бағыштап, осыдан кейін "Жастар" сарайына бармақ болған. Полиция жасағы әуелі оларды тоқтатпақ болды, кейін қоршауға алды.

Азаттық тілшісі мешіт маңында арнайы жасақтың саны құран бағыштауға келгендерден үш есе артық екенін хабарлады.

"Кеттлингке" алынғандарға ақын, осыған дейін Мәжіліске кандидат болған Дәулеткерей Кәпұлы келді. Ол жиналғандардың талабын тыңдау үшін келгенін, бірақ олардың осылай жиналғанын құптамайтынын айтты. Азаттық тілшісінің "полиция қоршауы адам құқығын бұзбай ма?" деген сұрағына ақын "тара дегенде тарау керек еді" деп жауап берді.

Шеңбер ішінде тұрған 3 әйел дәретханаға баратынын айтып, қоршаудан шыққан бойда арнайы жасақ келіп, оларды автозакқа салды. Әйелдер дәретханадан соң "кеттлинг" ішіндегілерге қайта қосылмақ болған.

Нұр-Сұлтандағы "кеттлингке" алынған белсенділерге республикалық кәсіподақ федерациясының, қалалық әкімдіктің және Байқоңыр аудандық прокуратурасының өкілдері келіп, бірі келісімге келуді, бірі тарауды сұрады.

Республикалық кәсіподақ федерациясының өкілі Төлеген Күнәділов белсенділерді "келісімге келейік" деп үстел басына шақырды. Белсенділер кәсіподақпен келіссөз жүргізетіндей жұмыс мәселесін көтеріп тұрмағанын, саяси белсенділерді босатуды талап ететінін айтты.

Байқоңыр аудандық прокуратурасының өкілі Асхат Ықсанов жиынды заңсыз деп атап, тарауды талап етті. Қалалық әкімдік өкілі Ақжол Қажынов белсенділер үйіне қайтуға келіссе, полиция көлігімен жеткізіп салатынын айтты. Белсенділер билік өкілдерінің талап-өтініштеріне көнбеді.

Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Майлыбаев "кеттлингте" тұрғандарға "мойынға ілген плакатты шешіңдер, үйлеріңе апарып тастаймыз, шешпесеңдер, қоршап тұра береміз" деді.

Кейін 3 сағаттан соң белсенділер "митингіміз 12.00-15.00 арасына жоспарланған еді, сағат үш болды, тараймыз" деп плакаттарын жинаған. Олардың кейбірі полиция көлігіне отырып, кейбірі өз беттерімен қайтқан.

Марқұм Дулат Ағаділді еске алу шарасы өтеді деген мешіт, ҚДТ қозғалысының шеруі басталуы тиіс "Жастар" сарайының алды темірмен қоршалып, жабық тұрды. Мешіттің құлыптаулы қақпасында "Құрметті жамағат! Мешіттің жөндеу жұмыстары мен дезинфекцияға байланысты 27-28 ақпан күндері жабық болады" деген қағаз ілінген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Ақтөбеде полиция митинг өтеді деп белгіленген жерде кем дегенде 10 шақты адамды ұстап әкетті. Митинг орнына келгендер "саяси тұтқындарға бостандық" деп ұрандатты.

Оралда әкімдіктен рұқсат алып, митингке шыққандар билікке саяси және әлеуметтік талаптар қойды. Олар "Назарбаев - диктатор!", "Жемқорлыққа жол жоқ!", "Бізді сындыра алмайды", "Әлеуметтік әділеттілікті талап етеміз" деген плакаттар ұстап шықты.

Ал Атырауда белсенді Макс Боқаев қала ортасындағы алаңға келіп, билікке талабын айтқан. Кейін Боқаев полиция "кеттлинг" жасамақ болғанда наразылыққа келгендерді таратып жіберген. Атыраудағы алаңда интернет байланысы үзілген.

Семейде де митинг белгіленген жерде күзет күшейіп, полиция кейбір белсенділерді алаңға жеткізбей ұстаған.

Шымкент, Қызылордада митинг белгіленген жерлерде полиция қарасы көп, күзет күшейген.

Еске сала кетсек, 2016 жылы Жер митингінен кейін 5 жылға сотталып, 4 ақпанда қамаудан шыққан белсенді Макс Боқаев 28 ақпанда Конституцияны өзгертуді талап етіп, митингке шығатынын айтқан болатын. Осыдан соң бүгін шетелге қашып кеткен экс-банкир, оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әбілязов пен "Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай белсенділік танытты.

Ал митинг алдында Бас прокуратура мәлімдеме жасап, 28 ақпанда көшеге шығатындар болса, ұсталатынын ескерткен еді.