Сенаторлар Қазақстанда заңгерлік білім сапасы нашар деп отыр

Жоғары оқу орындары соңғы 5 жылда 107 мың 278 заңгер маманын оқытып шығарыпты. Бірақ білім стандартының жоқтығы өз алдына, білікті профессорлық оқытушылар құрамы да тапшы.

Сенаторлар Қазақстанда заңгерлік білім сапасы нашар деп отыр
фото: ашық дереккөз

Бүгін сенаторлар білім саласындағы өзекті олқылықтың бірін мәселе қып көтерді. Әлем тәжірибесінде заңгерлерді оқытуға 6-8 жыл уақыт кетсе, бізде төрт жылдық біліммен жүргендер көп. Өйткені жоғары заңгерлік білім стандарты жоқ, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, елдегі 113 жоғары оқу орнының 71-і заңгер мамандарын дайындайды екен. Оның ішінде салалық оқу орындарымен қатар, аграрлық, педагогикалық, қаржылық, теміржол, тіпті инновациялық бағыттағы оқу орындары да заңгер дайындап шығарып жатыр.

Мәселен, Ресейде осындай бейінділігі жоқ оқу орындарына заңгер даярлауға шектеу қойылған. Жоғары оқу орындары соңғы 5 жылда 107 мың 278 заңгер маманын оқытып шығарыпты. Бірақ білім стандартының жоқтығы өз алдына, білікті профессорлық оқытушылар құрамы да тапшы. "Іздегенге - сұраған" дегендей, студенттер де білім емес, құр мөр басып беретін оқу орнын іздейді екен. Сенаторлардың айтуынша, олардың жұмысқа орналасу пайызы да төмен. Жағдайды жақсарту үшін Премьер-министрге бірқатар шара қарастыруды ұсынды.

"Заңгерлік маман даярлауды қажетті профессорлық-оқытушылық базасы бар бейінді оқу орындарына беру керек. Заңгерлерді оқытатын оқу орындарын лицензиялау және сертификаттау шарттарын қатаңдату, юриспруденция саласындағы кәсіби стандартты бекіту, бағдарламаларды аккредиттеуді жетілдіру, тәуелсіз бағалауды енгізу, нақты сектормен байланысын күшейту, тағы да басқа көптеген маңызды шешімдер қабылдануы тиіс", - дейді сенатор Ләззат Сүлеймен.