Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

ШЫҰ саммитінде қандай мәселелер қаралады

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Астана саммитінде қандай мәселелер мен құжаттар қаралатынын айтып берді.

ШЫҰ саммитінде қандай мәселелер қаралады
Коллаж: Kazinform, wikipedia.org, midjourney

Бас хатшының айтуынша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары «Астана декларациясын» қабылдаумен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы саммитте ұсынған «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы әлемдік бірлік туралы» бастамасы және өзбек жобасы – «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ШЫҰ тату көршілік, сенім және трансшекаралық әріптестік қағидаттары туралы мәлімдемесі» сияқты жаңа құжаттар пакетін қарайды.

«Сонымен бірге, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық – ШЫҰ құрылған кезден бері табанды және үздіксіз нығайып келе жатқан басым бағыт. Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында терроризмге қарсы іс-қимыл, есірткіге қарсы қызмет, трансшекаралық ұйымдасқан қылмыстың жолын кесу, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша жаңа уағдаластықтар орнатылады деп жоспарланған», - деді Чжан Мин.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық пен гуманитарлық қарым-қатынас мүше мемлекеттердің көшбасшылары мен халықтарының назарын аударып, үміттерін арттырып келеді. Саммитте ұйымның кезең-кезеңімен даму стратегиясы, энергетика, инвестициялар және қаржыландыру, қоршаған ортаны қорғау және экология, сондай-ақ туризм сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастық қарастырылады.

ШЫҰ-ның дамуы – мүше мемлекеттер баса мән беретін және барлық тараптың назарында болатын бағыт. Мемлекет басшылары ШЫҰ Бас хатшысының 2023-2024 жылдардағы ШЫҰ қызметі туралы баяндамасын және жаңа мүше мемлекетті қабылдау мәселесін қарайды, «ШЫҰ отбасы» елдерімен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін, сондай-ақ ШЫҰ қызметін жетілдіру туралы Самарқан саммитінің шешімін талқылайды.

Бұдан басқа, ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін екі органы басшысының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Мемлекет басшылары кеңесі Өңірлік терроризмге қарсы құрылымның Атқарушы комитетінің Бас хатшысы мен директорын жаңа мерзімге тағайындау туралы шешім қабылдайды.

Кездесу барысында жаңа «ШЫҰ+» форматында «Көпжақты диалогті нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбында пікірталас өтеді. Оған ШЫҰ байқаушысы Моңғолия, төрағалық етуші тарап – Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстанның лауазымды өкілдері, БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерриш, ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ және ЕАЭО атқарушы органдарының басшылары, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының Бас директоры қатысады.