"Ашаршылықты саясиландырмайық" деген Әшімбаев ақталған сыңай танытты (ВИДЕО)

"Біздің алдымызда тұрған ең негізгі міндет – Тәуелсіздікті нығайту. Ол үшін ұлттың тарихи санасын жаңғырту аса маңызды", - деп отыр ол.

"Ашаршылықты саясиландырмайық" деген Әшімбаев ақталған сыңай танытты (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

"Ашаршылықты саясиландырмайық". Сенат төрағасы осы бір ауыз сөзімен зиялы қауым өкілдерінің сынына қалған болатын. Енді бүгін Мәулен Әшімбаев facebook-тегі парақшасында ақталғандай жазба жариялап, сөйлеген сөзінің видеосын салды, деп хабарлады paryz.kz

"Біздің алдымызда тұрған ең негізгі міндет – Тәуелсіздікті нығайту. Ол үшін ұлттың тарихи санасын жаңғырту аса маңызды. Ал тарихи сананы жаңғырту – халқымыздың дәуірлеген кезеңдерімен бірге, "тар жол, тайғақ кешулерін" де ұмытпай, озық тұстарымыздан өнеге тауып, қиналған сәттерден қорытынды шығару деген сөз", - деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ ол "шежіремізге қасіретті жылдар ретінде жазылған ашаршылық тақырыбын көтеру өте орынды" екенін жазды. Әсіресе, азаттықтың 30 жылдығы аясында аталған ақтаңдақты зерттеуге басымдық берілуін заңды деп қабылдаймыз дейді.

"Жалпы, зерттеу жұмыстары кезінде алдымен ашаршылық құрбандарын түгендеудің және олардың нақты санын анықтаудың маңызы зор", - деген Әшімбаев құрбандардың аты-жөндерін анықтау оңай шаруа емес екенін жеткізді.

Нәубетті бастан өткерген куәгерлердің естеліктерін жинау, құрбандардың цифрлық базасын жасау, шетел архивтеріндегі құжаттарды зерделеу, елден босып кетуге мәжбүр болғандардың кейінгі тағдырларына назар аудару және нақты деректерге сүйенген кітаптар шығару, фильмдер түсіру, театрлық қойылымдарды сахналау сияқты бастамалар бар екенін алға тартты ол.