Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

Тоқаев пен Пашинян бірқатар құжатқа қол қойды

Ереванда Қазақстан президенті мен Арменияның премьер-министрі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.

Тоқаев пен Пашинян бірқатар құжатқа қол қойды
Фото: Telegram/Aqorda

Ереванда Қазақстан президенті мен Арменияның премьер-министрі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.

Шағын форматта өткен кездесуден кейін Қазақстан мен Армения басшылары келіссөзді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Никол Пашинянға алғыс айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан президенті ретінде Арменияға алғаш рет ресми сапармен келгенін атап өтті.

Қазақ-армян әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге қатысты бастамаңызды толық қолдаймын. Біз армян халқының терең тарихына, ежелгі мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз, – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті өзінің Арменияға ресми сапары Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орай өтуінің символдық мәні бар екеніне назар аударды.

Ширек ғасыр ішінде екіжақты қарым-қатынастардың берік негізі қаланды. Саяси диалог белсенді дамып, Үкіметтер мен ПЕарламенттер арасында байланыс орнады.

Сондай-ақ мемлекет басшысы өзінің Ереванға сапары Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытудың мейлінше перспективті бағыттарын айқындап берді. Оның айтуынша, ең өзекті міндет – экономикалық қарым-қатынастарды сапасы мен мазмұны жағынан байыта түсу. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін азық-түлік секторында, инвестиция, көлік-логистика, IT-индустрия және құрылыс салаларында айтарлықтай резерв бар.

Никол Пашинян Қазақстан президентінің Арменияға алғашқы сапары мол мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті

Сіздің бүгінгі сапарыңыздың маңызы зор. Келіссөздер барысында кең ауқымды мәселелерді қарастырдық. Оның ішінде экономикалық және саяси ынтымақтастықты тереңдетуге, өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге баса мән бердік. Сонымен қатар біз мәдени-гуманитарлық саланы да назардан тыс қалдырған жоқпыз.

Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері, ал келесі жылы Арменияда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Жалпы бүгінгі қарастырылатын мәселелер – ауқымды және мазмұнды. Сіздің сапарыңыздың нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытын дамытуды көздейтін нақты шешімдер қабылдайтынымызға сенімдімін», – деді Армения премьер-министрі.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Атап айтқанда, Қазақстан президентінің Ереванға ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

  • Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  • Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісім;
  • 2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
  • Қазақстан мен Арменияның авиациялық билігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстанның Маңғыстау облысы әкімінің аппараты мен Арменияның Армавир облысы әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Қазақстанның Шымкент қаласы мен Арменияның Ванадзор қаласы арасындағы ынтымақтастық және бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум;
  • Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мен Арменияның Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрлігі арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  • Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасы;
  • Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Арменияның Жоғары технологиялық индустрия министрлігі арасындағы ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Астана мен Ереван арасындағы бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум.