Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қазақ шенеуніктері журналистерге қарсы бюрократияны күшейте түспек

БАҚ өкілдері брифинг, баспасөз мәслихаты кезінде тек жиын тақырыбы бойынша ғана сұрақтар қоюға міндеттеледі. Әйтпесе, аккредитациядан айрылып, қуылады...

Қазақ шенеуніктері журналистерге қарсы бюрократияны күшейте түспек
фото: Сұлтан Сейіт

Жемқорлыққа қарсы халықаралық қозғалыс сарапшылары "қазақстандық билік журналистердің, құқық қорғаушылардың қызметін негізсіз шектегенін" еске салды. Демек, осы кемшіліктерді түзесе, ел Африка мен Латын Америкасының қайыршы күйдегі елдерінен биік көтерілмек, деп жазды paryz.kz, inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Ал біздің билік, керісінше, журналистер еркіндігін, сөз бостандығын шектеуге қадам жасалғалы тұрғандай. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ведомство басшысы Аида Балаеваның "Журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының жобасын жариялады. Айта кету керек, министрлік бұған дейін ұқсас құжатты бірнеше рет қоғамдық талқылауға шығарды. Алайда оның бәрі журналистердің, сарапшылардың және салалық, халықаралық ұйымдардың қатаң сынына ұшыраған соң, дереу қайтарып алумен болды.

Бұл жолғы нұсқасы біршама жетілдіріліпті. Бірақ онда да біраз шектеу қарастырылған. Мәселен, БАҚ өкілдері брифинг, баспасөз мәслихаты кезінде тек жиын тақырыбы бойынша ғана сұрақтар қоюға міндеттеледі. Әйтпесе, аккредитациядан айрылып, қуылады. Ал әдетте журналистер қандай да бір шенеунік сұрағына жауап бермей қашып жүрсе, оны тырп еткізбей ұстап алу үшін әлгіндей іс-шараларға әдейі барады. Жаңа бұйрық жобасы оған мүмкіндік қалдырмайын деп тұр. Бұған қоса, министрліктер өзін сынай беретін журналистерді аккредитацияламай қою құзырына қол жеткізеді.

Біріншіден, ұсынылып отырған "Журналистерді аккредиттеу қағидаларының" жобасына сәйкес, БАҚ өкілдерін тіркеу "тұрақты" және "уақытша" болып екі түрге бөлінеді. Тұрақты ғана емес, тіпті уақытша тіркеуден өту үшін де басшының өзі қол қойып, БАҚ-тың меншік иесі не редакциясы өтініш жіберуге міндетті болады. Ал қолданыстағы тәжірибе бойынша тілек білдірген журналист өз бетінше тіркеле беретін. Бұл аса ыңғайлы: себебі, күн сайын бірнеше іс-шара өтіп жатады. Оның бәріне өтініш рәсімдеуге тілшінің қолы тимейді. Енді журналистер қағазбастылыққа душар болып, сапалы контент түзу орнына тау-тау өтініштерді толтыруға бас қатыруға мәжбүрленбек. Сондай-ақ не редакторы, не редакциясы жоқ блогерлер мұндай шараларға қалай ресми өтініш жолдап, қалай тіркелетіні белгісіз.

Екіншіден, тіпті бір жолғы брифинг, баспасөз конференциясына тіркелу үшін журналистің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі ұсынылуы тиіс. Бұл "журналисттің жеке басын сәйкестендіру үшін" қажет көрінеді. Тиісінше, жеке куәлігін көрсете алмаған БАҚ өкілі ішке жіберілмейді. Шенділер өзімен кездесуге тіркелген журналист емес, басқа біреу кіріп кетіп, қиғылық сала ма деп қорқатын болса керек.

Үшіншіден, қазіргі кезде әр министрлік пен мемлекеттік мекеме баспасөз қызметі арқылы журналистерді телефон арқылы да тіркей береді. Егер жаңа бұйрық қабылданса, барлығына бірдей стандарт – бірыңғай аккредитациялық форма енгізіледі: "БАҚ өкілдері қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш береді".

Төртіншіден,

"Аккредиттелетін журналисттің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса берілген аккредиттеу туралы өтініш қағаз жеткізгіште – тікелей аккредиттеуші органға, не электронды форматта – оның ресми интернет-ресурсына жіберіледі. Егер өтініш БАҚ редакциясының өкілінен беріп жіберілсе, өкілдің өкілеттігін растайтын құжат та қоса беріледі" деп жазылған қағидалар жобасында.

Яғни, құжатайналым ауқымы артпақ.

Бесіншіден, қазіргі тәжірибе бойынша журналист іс-шараға тіркеуді сұрап, өтініш жібереді де, аккредиттелгеніне толық сенімді болып, белгіленген сағатта жетіп барады. Енді редакция тілшісінің тіркелгені туралы жауап күтуі қажет: "Өтінішті қарау нәтижесі оң болған жағдайда аккредиттеуші ұйым өтініш берушіні журналистің аккредиттелгені туралы жазбаша немесе электрондық түрде хабардар етеді". Демек, бюрократия күшеймек.

Алтыншыдан, аккредиттеуші ұйымның журналистті аккредиттеуден бас тартуының негіздері толықтырылып отыр. Нақтылай кетсек, "өзін аккредиттеген мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату журналистті аккредиттеуден айыруға негіз болып табылады". Бұл ретте кез келген шенеунік журналисттің кез келген сынын "іскерлік беделіне нұқсан келтірді" деп тануы мүмкін. Өйткені бұл жерде "сот іскерлік беделіне нұқсан келтіру деп таныған ақпаратты таратқан журналист" деген сөз жоқ. Оның үстіне БАҚ-тың бұған қарсы шағым түсіру рәсімі қағидаларда қарастырылмаған.

"Журналистті аккредиттеуден айыру туралы шешім жазбаша ресімделеді. Шешім БАҚ-тың меншік иесіне не редакциясына аккредиттеуді тоқтату туралы шешімге қол қойылған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жіберіледі", - деумен шектелген.

Жетіншіден, әр редактор өзі жіберген журналистің іс-шара кезінде өзін тәртіпті-үлгілі ұстауын және оның тек шенеунік белгілеген тақырыпта ғана сұрақ қоюын қадағалауға міндеттелуі мүмкін.

"БАҚ-тың бас редакторы және редакциясының уәкілетті өкілі аккредиттелген журналистің қоғамдық тәртіпті, іс-шараның тақырыбын және мазмұнын, сондай-ақ іс-шара модераторының талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді", - делінген құжатта.

Қағидалардың жаңа жобасы бұрынғы нұсқаларына қарағанда бірқатар жеңілдікті қарастырады: талап етілетін құжаттардың саны 4-тен 2-ге (журналисттің жеке куәлігі, редакция өтініші), ал аккредитация туралы өтінішті қарау және шешім қабылдау мерзімі 7-ден 3 күнге азайтылды.