Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Сот саяси тұтқын Кенжебек Әбішевтің өтінішін қанағаттандыра ма?

Сот үкімі бойынша 2024 жылдың наурыз айында босап шығуы тиіс.

Сот саяси тұтқын Кенжебек Әбішевтің  өтінішін қанағаттандыра ма?
фото: дереккөз

Белсендінің адвокаты Гүлнар Жуаспаеваның айтуынша, 1 ақпанда Қапшағай қалалық соты "Алауыздық қоздыру", "Терроризмді насихаттау" баптарымен айыпталып, сотталған Кенжебек Әбішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, егер прокуратура 15 күн ішінде шағым түсірмесе, 3 жыл 10 айдан астам уақыт түрмеде отырған Әбішев қалған жазаны бостандықта өтейді. Ол сот үкімі бойынша 2024 жылдың наурыз айында босап шығуы тиіс болған.

"Сотта Әбішев үкіммен келісетінін, "істеген әрекетіне" өкінетінін айтты. Өтініште көрсетілген төрт марапаттан бөлек, қаңтар айында бесінші марапат алған. Ол жүрегі ауыратынын және өзіне үйде емделу қажеттігін айтып, өтінішті қанағаттандыруды сұрады. Шартты жаза тәртібін бұзбайтынын, отбасының жанында болғысы келетінін жеткізді. Ал прокурор Әбішев жазаланған бап бойынша оны босатуға болмайтынын алға тартты. Судья Күренбеков Әбішевтің өтінішін қанағаттандырды. Алайда прокурордың шешімді апелляцияға беруіне 15 күн бар. Сондықтан қуануға әзірге ертерек", - деді адвокат.

Айта кетсек, былтыр көктем айында Қапшағай соты Әбішевті ерте босату туралы өтінішті қанағаттандырғанмен, шешімнің күшіне енуіне бір күн қалғанда шағым түсіріп, ақыры белсенді түрмеден босамаған.

2020 жылы 13 наурызда Қапшағай қалалық соты Алматы облысының Заречный кентіндегі жалпы режимдегі колонияда (ЛА-155/14 орташа қауіпсіздік мекемесі) қамауда отырған белсенді Кенжебек Әбішевтің жаза мерзімін азайтқан болатын. Сол кезде оның мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазуына болатыны айтылған еді.

Содан бері ерте босап шығу туралы 5 рет өтініш жазған. Кенжебек Әбішев 2018 жылдың 21 желтоқсанында "терроризмді насихаттады" және "ұлттық алауыздықты қоздырды" деп айыпталып, 7 жылға сотталған. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қазақстандық құқық қорғаушылар Кенжебек Әбішевті "саяси тұтқын" деп таныған. Ал Қазақстан билігі "елде саяси тұтқындар жоқ" деп есептейді.