Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Назарбаев мемлекеттік істерге араласпайды – Мәжіліс төрағасы

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік істерге араласпайды. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлады Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Назарбаев мемлекеттік істерге араласпайды – Мәжіліс төрағасы
Фото: depositphotos.com

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан Ерлан Қошановқа журналистердің бірі «Қоғамда "Жаңа Қазақстан" мен "Ескі Қазақстан" арасында текетірес жүріп жатыр» деген пікір бар. Себебі, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Астана клубы жиынын өткізді және Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Халықтың алаңдауына негіз бар ма?» деп сұрақ қойды.

Ерлан Қошанов билік халық сайлаған президенттің қолында екенін айтып, алаңдауға негіз жоғын жеткізді.

Халықтың және сіздің (журналистке) алаңдауызға негіз жоқ. Бүгінде қос билік жоқ. Олай болуы мүмкін де емес. Бүгінде барлық шешімді халық өзі сайлаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап отыр. Біріншіден, бүгінде экс-президент (Нұрсұлтан Назарбаев) мемлекеттік істерге араласпайды. Екіншіден, кездесулері мен іс-шараларын, жол сапарларын өзінің жеке азамат ретіндегі құқығын пайдаланып өткізіп жатыр, - деді Мәжіліс төрағасы.

Cонымен қатар спикерге «Қазақстан әнұранынан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аты алына ма?» деген сауал жолданды.

Қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Болашақ көрсетеді, - деді Ерлан Қошанов.

Еске салайық, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.

Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан гимнінің музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимнінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Парламент 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.