Прямая трансляция

Астана

Астана

-16.03°C

"Әліптің артын баққан жөн...": Әлтаев қазақтың Навальныйы бола ала ма?

"Қазақтың Навальныйы бола ма, жоқ па, ол жағы біздегі зәулім сарайлар туралы фильм түсірген соң белгілі болады", – дейді Петр Своик...

"Әліптің артын баққан жөн...": Әлтаев қазақтың Навальныйы бола ала ма?
фото: ашық дереккөз

"Билік партиясының абыройына кір жұқтырды" деп қатардан шығарылған Нұржан Әлтаев қазір халықтық балама үкімет құруды көздеп отыр. Оның пікірінше, балама үкімет, яғни оның балама министрлері ведомстволық нормативтік актілерді, заң жобаларын талқылап, сараптамақ.

Өз тарапынан балама нұсқаларды ұсынып, қажет болған жағдайда сынға алмақ. Айтуынша, бұған партия құрудың қиындығы түрткі болған. "Ел бірлігі" партиясын үш мәрте тіркетуге ұмтылғанымен, билік құжаттарын ұдайы кері қайтарыпты.

Балама үкімет тәжірибесі көп елде бар. Бұған дейін елімізде болған. Мәселен, Азат, Руханият, ҚРХП партиялары да осындай бастама көтерген. Бірақ жүзеге аспай, қалып қойған еді.

Дей тұрғанмен, Нұржан Әлтаевтың билік партиясынан кеткен соң саясатқа белсенді араласа бастауын жұрттың сан-саққа жүгірткені жасырын емес. Бірі "бұл саяси жоба емес пе екен" деп күдіктенеді, енді бірі "орны ойсырап тұрған оппозицияға келген жаңа леп" деп үміт күтеді.

"Әлтаев әзірге қоғамдық пікірді әзірлеуге ұмтылып отыр. Партиясын тіркей алмады. Енді ол бұл мәселеге басқа қырынан келмек. Үкіметтің жұмысына қатысты балама пікірлерді ұсынбақшы. Сондықтан балама үкімет құруға шақырып отыр", – дейді саясаттанушы Максим Казначеев.

Әлтаев оппозиция қосына атой салып қосыла ма? Көсемсіз қалған наразы азаматтардың, топтардың басын қосып, саяси қызметін ұштастыра ала ма? Сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Казначеевтің пікірінше, Әлтаевтың қарсылықты көңіл-күйді басқаруға шамасы жетпейді. Өйткені, ол ұзақ уақыт атқарушы биліктің құрылымында жұмыс істеп келді. Кәсіпкерлер палатасынан бой көрсетті. Мәжіліс депутаты да болды.

"Сондықтан Навальный секілді тұлғаға айналатындай оның бэкграунды жоқ. Оппозиция саласында биліктің қарсылықты көңіл-күйді басқаруға көмектесетін жобалары аз емес. Бұған жаңа тұлғаларды қосқаннан ештеңе өзгермейді. Бірақ бұған жарайтын танымал тұлғалар жеткілікті. Мұнымен Әлтаев өзін тағы бір жұрттың есіне салғысы келген шығар. Ондағы мақсат – партиясын қайта тіркетуге жақтастарын тарту", – дейді Максим Казначеев.

Десе де, оппозиция қосынында ұзақ уақыт қызмет атқарған, саясатта тәжірибесі мол кейбір тұлғалар Әлтаевтың бастамаларын қолдап отыр. Соның бірі – өтілі ұзын оппозиционер Ермұрат Бапи.

"Бір ғана партияның шеңберінде емес, халықтық балама үкімет құрайық деп бұл азамат қоғамға үндеу тастады. Азаматтардың саясат сахнасына шығып, қоғамға қатысты мүдделі сөздер айтқанын қолдау керек деп ойлаймын. Оның жоба екені, басқа екені саясаткердің риторикасынан байқалып тұрады. Сондықтан жаңа тұлғалардың алдымен сөзін тыңдап алайық. Құрам деген партиясының бағдарламасына, мақсат-мүдделеріне назар аударған жөн. Әзірге ой-мақсаттары, беталыстары қоғаммен үндес. Енді ғана басталған іс болғандықтан, әліптің артын баққан жөн", - дейді "Дат" басылымының бас оқырманы Ермұрат Бапи.

Осы тақілеттес пікірді Петр Своик те қуаттап отыр. Оның айтуынша, байлам жасамай тұрып, Нұржан Әлтаевтың келесі қадамдарына назар аударған жөн.

"Балама үкімет құрамын десе, оған өзі Премьер-министр болғысы келетіні анық. Кабинетін кімдерден жасақтайтынын Әлтаевтан сұрау керек. Қазақтың Навальныйы бола ма, жоқ па, ол жағы біздегі зәулім сарайлар туралы фильм түсірген соң белгілі болады", - дейді Петр Своик.

Дереккөз: nege.kz