Тоқаев пен Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Ресей президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Paryz.kz. 

Тоқаев пен Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді
Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің сапары екіжақты қатынастар жылнамасындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.

Сіз Қазақстанға ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында келіп отырсыз. Құжатқа 2013 жылы 11 қарашада Екатеринбургте қол қойылғанын еске салғым келеді. Бұл – Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының маңызды құқықтық негізі саналатын әрі көпжақты байланыстарымызды одан әрі нығайтуға жол ашатын жан-жақты құжат. Сізді осы айтулы күнмен құттықтаймын. Сапарыңыздың аталған датамен тұспа-тұс келгені өте жақсы болды. Жалпы, бүгін айтқанымдай, сіздің сапарыңыздың саяси және тарихи мәні зор, – деді президент.

Мемлекет басшысы екі халық арасындағы берік достық байланыстарға, ортақ тарих пен тату көршілік қатынастарға мән бере отырып, Қазақстан мен Ресейдің барлық бағыттағы ықпалдастығының табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді

Форумның ашылуында нақты цифрларды атап көрсеттік. Соңғы 3 жылда тауар айналымының көлемі 30 пайыздан астам өсті және бұл оң үрдіс жалғасуда. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 17 миллиард доллар болды. Бұл да – рекордтық көрсеткіш. Өнеркәсіптік кооперация қарқынды дамып жатыр. Осы орайда ауыз толтырып айтарлықтай цифрлар бар. Атап айтқанда, жалпы сомасы 33 миллиард доллардан асатын 143 жоба іске асырылып жатыр. Оның 140 жобасы Қазақстан аумағында орналасқан. Ресейдің Қазақстандағы шетелдік капиталы бар кәсіпорындар саны бойынша көшбасшы екені сөзсіз. Елімізде 20 мыңнан астам ресейлік компания тіркелген. Ресей Федерациясынан тартылған тікелей инвестиция, біздің бағалауымыз бойынша, 20 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылда шамамен 3,5 миллиард доллар инвестиция салынды.

Өз кезегінде Қазақстанның Ресейге құйған инвестиция көлемі 6 миллиард долларға жетті. Мұның екіжақты процесс екені қуантады. Мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық белсенді түрде ілгерілеп келеді. Еліміздің аумағы арқылы Ресей мұнайын Қытайға, сондай-ақ газын Өзбекстанға тасымалдау жөніндегі уағдаластықтар энергетика саласындағы ықпалдастықты мүлде жаңа деңгейге көтерді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қостанай қаласында өтіп жатқан XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде қол қойылатын келісімдер мен бизнес келісімшарттары облыстарда ғана емес, екі ел экономикасының көптеген салаларында да мол әлеует бар екенін көрсететініне сенім білдірді.